Грузияда оппозиция жетекшілері тұтқындалды
Тбилисиде "Өзгерістер үшін коалициясының" жетекшісі Ника Гварамия және оппозициялық "Мықты Грузия" коалициясы жетекшілерінің бірі Александр Элисашвили ұсталып, соққыға жығылды. Бірқатар оппозиция партияларында тінту жүрген. Бұл жөнінде "Неміс толқыны" жазды.
Басылымның хабарлауынша, сәрсенбі күні кешке Тбилисиде Элисашвилиден бөлек, оппозициялық "Ахали" партиясының мүшесі Зураб Датунашвили де ұсталған. Оппозиционрлер наразылық акциясы өтіп жатқан парламентке жақын жердегі қонақүйден шығып бара жатқанда ұсталған.
Оның алдында бірнеше сағат бұрын "Ұсақ бұзақылық" және "Полиция талабын орындамау" айыбымен "Өзгерістер үшін коалициясының" жетекшісі Ника Гварамияны полиция ұстап әкеткен. Адвокатының сөзінше, Гварамия уақытша қамау изоляторында, оны ұрып-соққан.
"Оны асқазанынан ұрған және сондай соққы кезінде оған ауа жетпей, бірнеше секунд есін білмей қалған. Жалпы денсаулығы орташа" деді адвокат.
Бірқатар оппозициялық партиялардың кеңсесінде тінту болған. Михаил Саакашвилидің "Бірыңғай ұлттық қозғалыс" ұйымының кеңсесін полиция "топпен күш көрсетуді ұйымдастыру" қылмыстық ісі аясында тексеріп, тінткен. ІІМ жеті адам ұсталғанын хабарлады.
Тбилисиде наразылықтың жетінші күні мыңдаған адам парламент ғимаратына алдына жиналды. Олар Ресей туын өртеген.
Тбилисиден бөлек Батумиде де наразылық болған. Полиция мен наразылар қақтығысып қалғаны хабарланды.
Жұрт биліктің Еуроодаққа қосылу туралы келіссөзді тоқтатқанына наразы. Бұған қоса, оппозиция өкілдері қазанда өткен парламент сайлауының нәтижесімен де келіспей, қайта сайлау өткізуді талап етіп келеді.
Азаттық радиосы
Сіздің реакцияңыз қандай?