HRW жәбір көрген әйелді де қамауды ұсынған депутатты сынап, Қазақстан үкіметін шара қабылдауға шақырды
Халықаралық Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы отбасындағы жанжал кезінде күйеуінен жапа шеккен әйелді де қамауды ұсынған Мәжіліс депутаты, "Аманат" партиясының мүшесі Амантай Жарқынбектің "өрескел қылығын" сынады. "Қазақстанда, оның ішінде заң шығарушы және құқық қорғау органы, сот пен жалпы қоғамда құрбандарды кінәлау мен стигма мәдениеті тамыр жайғаны алаңдатады" деді HRW. Ұйым 9 қазанда жариялаған мәлімдемесінде отбасындағы зорлық-зомбылық Қазақстанда көкейкесті мәселенің біріне айналғанын айтқан. Елде "кінәлілер көбіне жауапқа тартылмайды" деп мәлімдеді құқық қорғаушы ұйым. HRW мәлімдемесінде Қазақстан полициясына жыл сайын отбасындағы зорлық-зомбылық туралы 100 мыңнан астам хабар түсетінін жазған. Ұйым депутаттың даулы ұсынысына байланысты Қазақстан үкіметін шара қабылдауға үндеген. Ұйым нақты қадам ретінде отбасындағы зорлық-зомбылықты жеке қылмыстық іс деп қарау үшін Қылмыстық кодекске тиісті өзгеріс енгізуді ұсынған. "Үкімет [қоғамда] кең таралған мәселе туралы зиянды аңыздармен және стереотиптермен күресу үшін ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізуі керек" делінген хабарламада. 26 қыркүйекте заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің отырысында депутат Амантай Жарқынбек күйеуі үйде жанжал шығарған әйелді де жазалауды ұсынғаннан кейін сынға қалған еді. "Заңда арандатушы, провокация деген ұғым бар. Осы тұрғыда әйелдің де жауапкершілігі болу керек. Ер адамды кінәлі деп тапқан соң, 15 күнге оқшаулап жабу керек пе, сонымен бірге кінәлі деп табылса әйелін де жеке жабу керек деп ойлаймын. Өйткені отбасына түскен жауапкершілікті тең бөлсе, біз көп мәселені тізгіндей аламыз" деген депутат. Амантай Жарқынбек бұл ұсынысын "отбасының шырқын бұзбай, сақтап қалуға болады" деп түсіндірген. Әлеуметтік желідегі түрлі пікірден соң депутат бұл сөзін "жай ғана пікір еді" деп ақталды. Ол отбасындағы жанжалға "біржақты қарауға болмайтынын, әйелі мен күйеуінің ұрыс-керісі жан-жақты зерделену керегін" айтады. Қазақстанда отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы заң 2009 жылы қабылданған. Оның қол көтеру, денсаулыққа қасақана зиян келтіру баптары 2017 жылы әкімшілік кодекске ауысқан. Бірақ былтыр президент Қасым-Жомарт Тоқаев отбасындағы жанжал үшін жазаны қатайтуды ұсынған. БҰҰ мәліметінше, Қазақстанда жыл сайын шамамен 400 әйел күйеуі немесе серігінің қолынан мерт болады.
Сіздің реакцияңыз қандай?