Қаскелеңде жасөспірімдер екі ер адамды аяусыз ұрып-соққан

Шілде 3, 2026 - 15:02
chat_bubble  0 visibility  2
Қаскелеңде жасөспірімдер екі ер адамды аяусыз ұрып-соққан
Фото: Видеодан скрин

Алматы облысының Қаскелең қаласында бір топ кәмелетке толмаған жасөспірімдер екі ер адамды соққыға жыққан, деп хабарлайды Sadaq.kz.

Оқиға қаланың «Оторвановка» аталып кеткен ауданында болған. Желіде тараған кадрлардан бірнеше жасөспірімнің айналасындағылардың көзінше екі ер адамға жабылып, оларды ұрып-соғып жатқанын көруге болады. Видеода олардың ер адамдарды теуіп, тіпті жерде жатқан кезде де соққыға жыққаны байқалады. Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккен азаматтар мас күйінде болған.

Алматы облысы Полиция департаментінің хабарлауынша, оқиғаға қатысы бар барлық жасөспірім анықталып, полиция бөлімшесіне жеткізілген.

«Тексеру барысында кәмелетке толмағандардың мас күйіндегі ер адамға дене жарақатын салғаны анықталды. Жүргізілген тексеру нәтижесінде олардың ата-аналары бала тәрбиесіне қатысты міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жиналған материалдар тиісті шешім қабылдау үшін Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға жолданды», – деп мәлімдеді полиция.

Сондай-ақ заңды өкілдерінің қатысуымен жасөспірімдермен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, қолданыстағы заң талаптары түсіндірілген. Оларға мұндай құқыққа қайшы әрекеттердің салдары ескертілген.

Полиция мәліметінше, соққыға жығылған ер адам арыз жазудан бас тартқан. Сондай-ақ ол оқиғаға қатысқан жасөспірімдерге қатысты ешқандай шағымы жоқ екенін жеткізген.

Құқық қорғау органдары ата-аналар мен заңды өкілдер балалардың тәрбиесі мен мінез-құлқына жауапты екенін еске салып, кез келген заң бұзушылыққа Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқықтық баға берілетінін атап өтті.

Сіздің реакцияңыз қандай?

Ұнады Ұнады 0
Ұнамады Ұнамады 0
Керемет Керемет 0
Күлкілі Күлкілі 0
Сұмдық Сұмдық 0
Қайғылы Қайғылы 0
Жарайсың Жарайсың 0