Каспий банк клиенттердің интимді суреттерін таратып жіберген

Әйел адам Kaspi Bank-ті жеке суреттерін таратқаны үшін сотқа бермекші, деп хабарлайды POLITICO.KZ саяси-әлеуметтік порталы.
Threads әлеуметтік желісінде бір әйел банкті 2021 жылы онлайн-идентификация кезінде өзінің ашық суретін заңсыз жасап, кейін оны коллекторлық агенттіктерге берді деп айыптады. Қазақстандықтың сөзінше, бұл сурет кейіннен оның туыстарын бопсалау үшін қолданылған.
Әйелдің айтуынша, оқиға 2021 жылы онлайн-идентификациядан өту кезінде болған. Ол үйде үстіңгі киімсіз отырып, жүйе қара экран фонында тек бет-әлпетті ғана түсіреді деп ойлаған. Алайда бағдарлама толық фотосурет жасаған. Кейінірек несие бойынша мерзімі өткен берешек пайда болған соң, іс коллекторлық агенттіктерге берілген. Клиент төрт жыл бойы оның дербес деректері, соның ішінде даулы фотосурет бірнеше коллекторлық агенттік арасында тарағанын және бұл оның туыстарын бопсалауға себеп болғанын алға тартады.
Шағымданушы 2021-2025 жылдар аралығында банкке суретті жою немесе қайта түсіп өту мүмкіндігін беру туралы бірнеше рет өтініш білдіргенін, алайда банк несие толық өтелгенге дейін мәселені шешуден бас тартқанын айтады. 2025 жылдың басында тараптар келісімге келіп, банк Бас прокуратурадан шағымды қайтарып алу шартымен клиентке 2,3 миллион теңге төлеген. Алайда, әйел шағым қайтарып алынғаннан кейін, банк ауызша уәделерін орындауды тоқтатқанын айтады. Шағымданушыға банк өкілдері енді ресми жауаптарында деректердің таралуына коллекторлар кінәлі екенін, оның банк қызметкерлерінің әрекетіне қатысы жоқ екенін айтқан.
Әйел мемлекеттік органдарға қайта шағым түсіріп, банкті идентификация кезінде жасалған құжаттар мен фотосуреттің көшірмесін беруге міндеттеу және кескінді заңсыз пайдаланғаны үшін моральдық зиянды өтеу туралы сот ісін дайындап жатқанын хабарлады. Оның сөзінше, қолында моралдық зардап шеккенін растайтын психологтың анықтамасы бар және бұрын қол қойылған келісім банкті деректердің таралуына қатысты жауапкершіліктен босатпайды деп санайды.
Сіздің реакцияңыз қандай?






