Халық әртісі атағын алмаған ТОП-5 әнші

Мамыр 22, 2025 - 14:21
Мамыр 22, 2025 - 16:27
Халық әртісі атағын алмаған ТОП-5 әнші
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев; суреттер әншілердің Instagram парақшасынан алынды

Елімізде «халық әртісі» атағын алмаған, бірақ сол атаққа лайықты өнерімен көпшіліктің жүрегінен орын алып, сүйікті әншісіне айналғандар аз емес. Бұл әншілер тек сахнада өз шеберлігін танытып қана қоймай, халықтың ықыласына бөленген.

Azattyq Rýhy еліміздің ең танымал және сүйікті ТОП-5 әншісіне тоқталып, олардың өнер жолындағы жетістіктерін атап өтті.

Нұрлан Өнербаев

Әншінің бір ғана «Анашым» әнінің жарыққа шыққанына 35 жылдан асты. Тыңдарманының жүрегінен ерекше орын алған бұл ән халықтың әніне айналып кетті.

«Осы «Анашым» әнін орындағаныма 35 жыл болды. 35 жылдың ішінде бұл ән елдің, халықтың әніне айналып кетті. Нұрлан десе, елдің есіне бірден «Анашым» әні, ал «Анашым» әні десе Нұрлан Өнербаев түсетін жағдайға жеттік. Осылай жеткізе білгеніме мақтанамын», - деген еді әнші былтыр концерт үстінде.

Нұрлан Өнербаевтың үлкен сахнадағы әншілік және орындаушылық өнердегі жарқын жолы 1986 жылдан бастау алады.

Бекжан Тұрыс

Ән мен сахнаны қатар серік етіп, көрерменнің ықыласына бөленген өнер иесі. Қазақ академиялық драма театрының сахнасында ол 50-ден аса түрлі рөлде өнер көрсетіп, ұлттық театр өнерінің өркендеуіне өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Оның жүрек тербетер әндері тыңдарманның көңіл төрінен ешқашан өшпейді. «Амалым қанша», «Біздің елдің жігіттері», «Бағалым» сынды жүрекке жылы әндері арада талай жыл өтсе де ел аузынан түскен емес, тыңдарман оларды әлі күнге дейін ықыласпен шырқап келеді.

Мейрамбек Бесбаев

Әншінің орындауындағы әрбір ән тыңдарманның жүрегіне жол табады. Оның сонау 1990-шы жылдары «Бозторғай» әнімен алғаш шығып, елді жылатқаны, «Алғашқы махаббат» фильміне түсіп, әнін орындағаны, кейіннен «МузАРТ» тобын құрып, тыңдарманының көзайымына айналғаны әлі күнге дейін халық жадында. Мейрамбектің біраз жыл бұрын ауыр дертке шалдығып, жазылып шыққан соң термелерге көбірек көңіл бөлгені елдің есінде. Сол жылдары «Майлықожа термесі», «Жақсы бір адам қартайса», «Туған жер», «Шал ақынның термесі», «Қазағым» секілді түрлі әндер тыңдарманның жүрегінен орын алды.

«МузАРТ» тобымен ондаған жыл бұрын орындаған «Өз елім», «Сағындым Алматымды», «Жайлаукөл кештері», «Сенің көзің», «Сен келерсің» әндері әлі күнге дейін ұмытылған емес. Досымжан Таңатаров Әншінің өнер жолы 1997 жылдан бастау алады. Оның орындауындағы «Құралай», «Аққуым», «Біз екеуіміз», «Жалын кешкен», «Қырманға кел, қалқатай» секілді әндері арада талай жыл өтсе де тыңдарманның жүрегінен өшпей, бүгінге дейін әуезді сазымен ел есінде сақталып келеді. 30 жылға жуық жуық сахнада тер төккен өнер жолында ол жүзге жуық әнді тыңдарманға тарту етіп, ұлттық музыка қорын байытты.

Саят Медеуов

Қазақтың қоңыр дауысты әншісінің сахнада өнер көрсеткеніне 30 жылға тарта уақыт болды. Саят Медеуовтің «Өзіңді аңсап», «Сен көріктісің», Ақбота Керімбековамен орындаған «Бегімбайдың жыры», «Біздер де ғашық болғанбыз», «Жамалымсың» әндерінің жарық көргеніне біраз жыл өтсе де, тыңдарман жүрегінде жатталып, әуезі ел арасында әлі күнге дейін шырқалып келеді.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow