«Төрдөн түштүм, ордума отурдум»: Нұрланбек Тұрғынбекұлы Жогорку Кенеш спикері қызметінен кетті
Қырғызстан парламентінің төрағасы Нұрланбек Тұрғынбекұлы бүгін, 12 ақпан күні өткен Жогорку Кенеш отырысында өз еркімен қызметінен кететінін мәлімдеді. Бұл туралы Sadaq.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Төраға өз шешімін жариялау кезінде бұл қадамға ешқандай сыртқы қысымсыз, жеке еркімен барғанын атап өтті. Ол өз мәлімдемесінде: «Мен бір немесе екі адамға емес, қырғыз халқына және Қырғызстан парламентіне қызмет етемін, бұдан былай да солай болады. Мені бірді-екілі адамдармен байланыстыру дұрыс емес», — деп айтты. Сондай-ақ, саясаткер парламенттің соңғы жылдардағы жетістіктерін Президент Садыр Жапаров бастаған команданың ортақ еңбегі деп бағалады.
Айта кететін жайт, спикердің отставкасы елдегі ірі саяси өзгерістермен тұспа-тұс келді. Бұған дейін Президент Садыр Жапаров Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің (ҰҚМК) басшысы Қамшыбек Ташиевті және оның үш орынбасарын қызметінен босатқан еді. Мемлекет басшысы бұл шешімді ел бірлігін сақтау және қоғамдағы алауыздыққа жол бермеу мақсатында қабылдағанын түсіндірген болатын.
Мәлімдемеден кейін Нұрланбек Тұрғынбекұлы спикер креслосынан тұрып, залдағы қатардағы депутаттардың қатарына барып жайғасты. Осы сәтте ол: «Төрдөн түштүм, ордума отурдум» (Төрден түсіп, өз орныма отырдым) — деп қысқа қайырды. Жогорку Кенеш депутаттары бұрынғы төрағаны орындарынан тұрып, қошеметпен шығарып салды.
Тұрғынбекұлы спикерлік лауазымнан кеткенімен, Жогорку Кенеш депутаты ретіндегі қызметін ары қарай жалғастыра береді. Қазіргі уақытта ҰҚМК төрағасының міндетін уақытша атқарушы болып Жұмғалбек Шабданбеков тағайындалды.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0