Қытай дәрігері қазақтарға етті аз жеуге кеңес берді

Қытайлық дәрігер Гао Фэн қазақтарға етті азайтып, жеміс-жидек пен көкөністерді көбірек тұтынуға кеңес берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Елордадағы Сиань клиниканың жетекшісі, дәстүрлі қытай медицинасы маманы Гао Фэн Қазақстанда бір жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оның айтуынша, дәстүрлі қытай медицинасы адамның ішкі тепе-теңдігін сақтауға бағытталған, әрі ол заманауи емдеу тәсілдерін толықтырып, науқастың сауығуын жеделдетуге көмектеседі.
Дәстүрлі қытай медицинасы жүйесінде адам өзін сау сезінгеннің өзінде, оның ағзасында кішкентай ақаулар болуы мүмкін деген ұғым бар. Міне, сол ұсақ проблемаларды алдын ала анықтап, ушығып кетпеуі үшін ерте араласу маңызды, – дейді Гао Фэн елордадағы Қытай елшілігінде өткен Ашық есік күнінде.
Маман жастарға денсаулығына ерте жастан көңіл бөлуге кеңес береді. Әсіресе, компьютер алдында ұзақ уақыт отыратын жастар үшін қозғалыс пен дұрыс тамақтану өте маңызды.
Қазір жастар көп уақытын компьютер алдында өткізеді. Сондықтан ұзақ отырған соң міндетті түрде қозғалып, дене белсенділігін арттыру қажет. Кешкі уақытта көп тамақтанбаған жөн, ертерек ұйықтаған дұрыс. Қазақтар етті жақсы көреді, бірақ етті шектеп, көкөністер мен жемістерді көбірек тұтынған пайдалы, – дейді дәрігер.
Гао Фэн Қазақстандағы дәстүрлі медицинамен де танысқанын айтады. Ол екі елдің дәстүрлі емдеу тәсілдерінің ұқсастығына назар аударады.
Қазақстанда емдік шөптердің түр-түрі өседі. Қазақтың дәстүрлі медицинасында да шөптерді кеңінен қолданатынын байқадым. Бұл біздің қытай медицинасымен ұқсас. Сіздерде де өзіндік рецептер бар. Біз бір-бірімізден үйренуіміз керек, – дейді ол.
Қытайлық дәрігер Қазақстанда жұмыс істегеніне риза екенін жеткізді. Ол Астанадағы клиника маңындағы табиғаттың байлығына да таңданысын жасырмайды.
Клиника жанында бір парк бар. Сол жерде серуендеп жүргенімде, жерден түрлі емдік шөптердің өсіп тұрғанын көрдім. Біз де сондай шөптерді адам емдеуде қолданамыз, – дейді Гао Фэн.
Маманның айтуынша, қазіргі таңда бүкіл әлемде емдеу негізінен заманауи еуропалық медицинаға сүйенеді. Алайда, дәстүрлі медицинаны қосу арқылы емдеу процесінің тиімділігі мен жылдамдығын арттыруға болады.
Біздің мақсат – еуропалық медицинаға дәстүрлі қытай медицинасының тәсілдерін қосу арқылы емді күшейту, қалпына келу уақытын қысқарту және тиімділікті арттыру, – деп түйіндеді Гао Фэн.
Сіздің реакцияңыз қандай?






