Қытаймен шекарада жүк көліктері кептеліп қалды: ведомство түсініктеме берді
Кептелістің негізгі себебі — рұқсат құжаттарының жетіспеуі

Қазақстан мен Қытай шекарасындағы «Нұр Жолы» өткізу пунктінде көлік кептелісі пайда болды. Себеп – отандық тасымалдаушыларда ҚХР аумағына өтуге қажетті рұқсат бланкілерінің тапшылығы, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасап.
Кептелістің негізгі себебі — рұқсат құжаттарының жетіспеуі
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, бұл бланкілер екі елдің уәкілетті органдары арасында алмасу арқылы беріледі. Қазір дәл осы алмасу процесінде үзіліс болғандықтан, шекарада жүк көліктері уақытша тоқтап тұр.
«Қазіргі таңда негізгі себеп – отандық тасымалдаушылардың Қытайға өтуге арналған шетелдік рұқсат бланкілерінің болмауы. Мәселені шешу үшін Комитет пен Көлік министрлігі бірлесіп жұмыс істеп жатыр», — делінген хабарламада.
Екі ел қосымша квота туралы келіссөз жүргізіп жатыр
Қазіргі уақытта Қазақстан мен Қытайдың көлік ведомстволары рұқсат құжаттарының қосымша квотасын бөлу және оларды жылдам рәсімдеу мәселесін талқылап жатыр.
Сонымен қатар Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Қытайдың Бас кеден басқармасымен келіссөз жүргізген. Нәтижесінде:
- Қытай тарапының қабылдайтын автокөліктер саны уақытша көбейтілді;
- Кедендік рәсімдерді жеделдету және өткізу қабілетін арттыру шаралары келісілді.
Тасымалдаушылар шығынға батпау үшін қосымша жеңілдіктер енгізілді
Комитет мәліметінше, жүк тасымалдаушылардың шығындарын азайту мақсатында белсенді броньдардың әрекет ету мерзімі 72 сағатқа ұзартылды.
Бұл шара тасымалдаушыларға төленген төлемдерді сақтап, рұқсат бланкілері түскеннен кейін шекарадан кедергісіз өтуге мүмкіндік береді.
«Жаңа бланкілер партиясы Қытай Көлік министрлігінен түскен бойда, қазақстандық тасымалдаушылар оларды жүйе арқылы ала алады», — деп хабарлады ведомство.
Комитет жағдай бақылауда екенін мәлімдеді
Мемлекеттік кірістер комитеті ахуал толық бақылауда екенін және рұқсат құжаттарының түсуін күтуді сұрады.
- Тасымалдаушыларға жаңа бланкілер жеткізілгенге дейін шекараға жол жүрмеу ұсынылды;
- Қытай тарапы шекаралық өткізу пунктерінде өткізу жылдамдығын арттыру шараларын қолға алды.
Сіздің реакцияңыз қандай?






