«Қыздарымыз объект емес, өзгерістердің жаңа агенті, Дуров мырза» - заңгер

Telegram негізін қалаушы Павел Дуровтың қазақ қыздарына қатысты айтқан сөзі біршама қарсылық тудырып жатыр, деп хабарлады sadaq.kz ақпарат порталы.
Мәселен, Нұрбек Түсіпхан есімді facebook қолданушысының «Ақылды әрі табысты адамдар Қазақстанға әйел іздеп келеді. Бірақ мен ЖИ іздеп келдім" депті Павел Дуров. Мақтау ма, мазақтау ма?» деген жазбасына пікір білдіргендердің көбі «қорлау», «мазақтау», «асыңды ішіп, аяғыңа түкіру» деп жазған.
Сол секілді белгілі заңгер Әйгерім Құсайынқызы Дуровтың “Қазақстанға жар іздеп келеміз” деген сөзін сексизм деп қабылдаған.
«Құрметті Павел Дуров мырза @durov, Қазақстанға келіп, жасанды интеллект туралы пікір бөліскеніңіз үшін алғыс айтамыз. Алайда, бір ескертпепіз бар: “Қазақстанға жар іздеуге келеді”деген қалжыныңыз біздің қоғамда кең талқыға түсіп жатыр. Көшпенді қазақ қоғамының әйелдері үнемі объект емес, өзгерістің агенттері болған. Ал біз, сол ұрпақтың жалғасымыз», деп жазған Әйгерім өзінің instagram парақшасында.
Сондай-ақ ол Қазақстанның қыз іздейтін елі емес, идеялар елі, ал қыздарымыздың объект емес, өзгерістердің жаңа агенті екенін айтқан.
«Қазақстанға жар іздеп келеміз» дейтіндердің әрекетін күлкі ретінде қолдану - бізді тауарша сипаттау әрі мәдениетімізді сыйламау.
Қазақстан «жар базары» емес, идеялар елі. Қыздарымыз объект емес, өзгерістердің жаңа агенті. Біз экспорттайтынымыз білім, технология және адам құқықтарына құрмет.
Бұл қалжың форматында болған риторика әйелдерді субъектіктен айырып, елдің білім мен технологияға негізделген күн тәртібіне, сондай-ақ гендерлік теңдік бойынша жүргізіліп жатқан реформаларына қайшы келеді.
Біз диалогты “стереотиптен” емес, инновация мен инклюзиядан бастауды ұсынамыз.
Әпке-қарындастарын өзге ұлттардан қызғыштай «қорғайтын», себебі бізді «ұлт меншігі» көретін уытты маскулиндіктің майын тамызып тұрып сізге дәріс-ақыл айтар біз қаламаған, Құдайдан сұрамаған аға-інілеріміз сізге қоқанлоққы көрсетіп жатса, себебі сіздің сөздеріңіз екенін ұмытпаңыз. Ескертіп қоюды жөн көрдім», деп жазған ол.
Еске салайық, Астанада басталған Digital Bridge 2025 халықаралық форумына Telegram негізін қалаушы Павел Дуров арнайы келді. Сөзінің басында ол Қазақстанға келу себебін әзілмен бастап, көпшіліктің назарын аударды. Ол «Қазақстанға жар үшін емес, ЖИ үшін келдім» деген еді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Сіздің реакцияңыз қандай?






