«Қызметіңнен кет, әйтпесе соттатамыз деді»: Головкинді сынаған журналист өзіне қысым жасалып жатқанын мәлімдеді
«Хабар» агенттігінің тілшісі, спорт журналисі Аслан Қаженов әлеуметтік желідегі жазбасында өзіне қысым көрсетіліп жатқанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, Жапонияда болған жағдайдан кейін Геннадий Головкинге қатысты жазбасын өшіруді талап еткен түрлі хабарламалар келген. Журналист жазбасын өшірмесе, эфирге шығармайтынын, жұмыстан шеттетіп, заң бойынша жауапқа тартатынын айтқандар болғанын жеткізді.
«Екі күннен кейін «ұлтаралық алауыздықты қоздырдың» деген себеппен соттатқалы жатырмыз дегенді тағы жеткізді. Амал жоқ, постты алып тастадым. Отбасы бар, бала-шаға бар дегендей», – деп жазды Аслан Қаженов.
Журналистің сөзінше, Астанаға келгеннен кейін де жұмыс орнында оған қысым жалғасқан. Оның айтуынша, өз еркімен қызметтен кетуді немесе бірнеше бап бойынша сотқа тартылуы мүмкін екенін ескерткен.
Қаженов «Хабар» агенттігінің заңгері оның әлеуметтік желідегі жазбаларын зерттеп, бірқатар тіркестерге байланысты ресми арыз-шағымдар дайындағанын айтты. Сондай-ақ бұл мәселеге қатысты материалдар Ішкі істер министрлігінде жатқанын мәлімдеді.
«Егер өз еркіңмен кетпесең, басың бәлеге қалады дегенді қадап айтты», – деді ол.
Спорт журналисі мұндай тапсырмалардың Президент Әкімшілігіндегі бір адамнан беріліп отырғаны, кейін ақпаратқа жауапты министрдің тікелей тапсырмасы екені айтылғанын жеткізді.
Оның сөзінше, бұл туралы жазбалары да бар. Аслан Қаженов өз жазбасында қазақ спортындағы мәселелерді көтеру қылмыс болмауы керектігін айтып, сөз бостандығы мен журналистердің құқығына қатысты сұрақ қойды.
«Қазақ спортының проблемасын айту – қылмыс па? Қазақ спортшыларының жанайқайын жеткізуші қылмыскер ме? Сөз бостандығы қайда? Журналистің құқығы қайда?» – деді ол.
Соңында журналист Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, өзіне қатысты жағдайға назар аударуды сұрады.
«Мемлекеттік арнада 15 жыл еңбек еткен қатардағы тілшіні осынша қысымға алып жатыр. Мен қарапайым адаммын. Бірақ объективті түрде сын айта аламын. Сол арқылы отандық спорттағы жағдайларды оң бағытта реттеуге боларына сенімдімін», – деп жазды Аслан Қаженов.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0