«Қорыққаннан қалшылдап кеттім»: Алматылық бойжеткенді 9-қабаттың терезесінен дронмен аңдыған

Желтоқсан 23, 2025 - 14:51
Желтоқсан 23, 2025 - 15:02
 0  5
«Қорыққаннан қалшылдап кеттім»: Алматылық бойжеткенді 9-қабаттың терезесінен дронмен аңдыған
Фото: ғаламтордан

Алматы қаласының тұрғыны Threads әлеуметтік желісінде түнде белгісіз дрон 9-қабаттағы терезесінің қарсы алдында 10–15 минут бойы қалықтап тұрғанын айтып шағымданды, деп хабарлайды Sadaq.kz. 

Жазба авторының айтуынша, ол үйіне келе салып, жуынуға кірген. Жуынатын бөлмеден шығып, диванға отырған сәтінде терезе сыртынан «түсініксіз нысанды» байқаған.

«Іш киіммен ғана шығып, диванға отырдым да, тереземнің алдында бірдеңе тұрғанын түсіндім. Бұл - дрон. Тоғызыншы қабат. Ол бес метр жерде 10-15 минут бойы қалықтап тұрды, кетпеді. Ал мен  қорыққаннан қалшылдап кеттім», - деп жазды бойжеткен.

Оқиға шамамен сағат 03:13-те болған. Ол дронның бұған дейін қанша уақыт тұрғанын нақты айта алмайтынын жазды.

«Мен тек байқаған уақытымды ғана тіркедім. Ол басқа түндері де осылай тұруы мүмкін екенін жоққа шығармаймын», - деп қосты ол.

Қыз полиция шақырған, алайда оның айтуынша, қоңыраудан кейін дрон бірден ұшып кеткен.

Пайдаланушылардың пердені жауып қою керегі туралы сұрақтарына жауап берген автор жақында ғана көшіп келгенін және әлі перде іліп үлгермегенін жеткізді.

«Жақын маңда басқа терезелер жоқ, тоғызыншы қабат - біреу осылайша ашықтан-ашық қалықтап, сығалап тұрады деген ой да болған жоқ. “Маған кім қарасын?” деп ойладым», - деп жазды ол.

Желіде көптеген қолданушылар алаңдаушылық білдіріп, бұл әдейі жасалған бақылау болуы мүмкін екенін айтты.

«Жай ғана пердені жабу - шешім емес. Мүмкін, біреу дәл сізді аңдып жүрген шығар. Бұл қауіпті», «Мен жеке үйде тұрамын, аулама дрон екі рет келді. Телефонды қолға алсам болды, ұшып кетеді. Не үшін?» - деп жазады қолданушылар.

Кейбіреулер мұндай оқиғалардан кейін терезелерін үнемі жауып жүруге тырысатынын мойындады.

«Әйелдердің терезесіне біреу қарап тұратындай көрінетін. Сөйтсем, бекер емес екен», - деп жазды пікір қалдырушылардың бірі.

Сіздің реакцияңыз қандай?

Ұнады Ұнады 0
Ұнамады Ұнамады 0
Керемет Керемет 0
Күлкілі Күлкілі 0
Сұмдық Сұмдық 0
Қайғылы Қайғылы 0
Жарайсың Жарайсың 0