Қостанайдағы даулы видео: Lexus жүргізушісі оқудан шығарылып, қызметінен қуылды

Бұған дейін әлеуметтік желіде патрульдік полиция қызметкерлерінің Lexus көлігінің жүргізушісін тоқтатқан видеосы тараған болатын.

Наурыз 5, 2025 - 10:40
Қостанайдағы даулы видео: Lexus жүргізушісі оқудан шығарылып, қызметінен қуылды

Қостанай – Әулиекөл – Сұрған тасжолында болған даулы видеодадан кейін Lexus көлігінің иесі Қостанай ІІМ академиясынан шығарылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Қызметтік тексеріс нәтижесінде Қостанай – Әулиекөл тасжолында жол ережесін бұзған жүргізуші академияның магистратурасынан шығарылып, құқық қорғау органдарының беделіне нұқсан келтіретін әрекеті үшін ішкі істер органдарындағы жұмысынан босатылды”, – деп мәлімдеді оқу орны.

Айта кетейік, күні кеше Қостанай – Әулиекөл – Сұрған тасжолында Lexus көлігін тоқтату оқиғасына байланысты қызметтік тексеріс басталғаны туралы ақпарат тарады. Нәтижесінде Lexus жүргізушісіне айыппұл салмаған полиция қызметкерлері жұмысынан қуылды.

Ztbnews таратқан ақпаратқа сәйкес, тәртіптік комиссияның шешімімен екі инспектор қызметінен босатылған.

"Жүргізушінің жауапкершілігі қаралып жатыр. Ол Қостанай ІІМ академиясының магистранты болғандықтан, тергеу нәтижесіне қарай оны оқудан шығару мәселесі де қарастырылуы мүмкін", — деп мәлімдеді полицияның баспасөз қызметі.

Бұған дейін әлеуметтік желіде патрульдік полиция қызметкерлерінің Lexus көлігінің жүргізушісін тоқтатқан видеосы тараған болатын.

Жүргізуші көлігін тоқтатқан полиция қызметкеріне наразы болып, оған дөрекі сөйлеген. Ол инспекторға "нөмірімді жаттап ал" деп бұйрық беріп, қызметте қанша уақыт жүргенін сұрайды. Әңгіме барысында жүргізуші бұрынғы жол полициясы қызметкері екенін айтып, 11 жыл бойы ГАИ-де жұмыс істегенін және жол ережелерінің барлық қыр-сырын білетінін жеткізген.

Қысқа тартыстан кейін жүргізуші көлігіне қайта отырып, кетіп қалған. Кейін белгілі болғандай, оған ешқандай айыппұл салынбаған.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow