«Құранда «әйел еркектің қисық қабырғасынан жаратылды» деген түсінік нақты жазылмаған – дінтанушы

Дінтанушы Асылтай Тасболат Құранда «әйел еркектің қисық қабырғасынан жаратылды» деген түсінік нақты жазылмаған деген пікір білдірді. Ол бұл туралы танымал тележүргізуші Жанар Байсемізге берген сұхбатында мәлімдеген,деп хабарлайды Todayinfo.
«Құранда бұл туралы ашық айтылмаған. Ниса сүресінің алғашқы аятына жасалған кейбір тәпсірлерде осындай түсінік қалыптасқан. Бірақ бұл кейіннен пайда болған дәстүр. Исламда әйелдерді жаратылысынан кем санау ұғымы түп негізде жоқ», – дейді дінтанушы.
Ол сондай-ақ ХХ-ХХІ ғасырлардағы белгілі ислам ғалымдары, соның ішінде Фазлур Рахман, әйелдердің онтологиялық болмысы туралы жаңаша көзқарастар ұсынып отырғанын айтты. Олардың айтуынша, «уахида» сөзі – ер мен әйелдің бір материалдан жаратылғанын білдіреді және «қисық қабырға» түсінігі әйелдерді кемсітуге негізделген сыртқы ықпалдардан туған болуы мүмкін.
Сұхбат барысында Асылтай Тасболат өзінің де кезінде діни фанатизмге бет бұрғанын, бірақ оны ерте кезеңде-ақ аңғарғанын да еске алды.
«Фанатизмнің алғашқы белгілері – айналаңдағы адамдарды өзгертуге тырысу, бәрінен қате іздеу. Уақыт өте келе бұл – сәләфизмнің әсері екенін түсіндім. Кейін барып қазақтың дәстүрімен үйлесетін сопылық жолды таныдым», – дейді ол.
Оның айтуынша, Қазақстан қоғамындағы діни тәжірибе әртүрлі жамағаттар арқылы қалыптасқанымен, бәрінен биік тұруы тиіс ұғым – ортақ заң мен ұлттық тұтастық. Егер фанаттық түсініктер бұл құндылықтардан жоғары қойылса, онда ол – қауіпті бағыт.
Асылтай Тасболат қазіргі заманда мұсылман бола жүріп, ұлтшыл, ғылымға бейім, өркениетті азамат ретінде де өмір сүруге болатынын атап өтті.
«Дін – тек догма емес, адамның жүрегі мен ақылын қатар тәрбиелеуі тиіс. Бізге радикал емес, байсалды діни сана қажет», – дейді ол.
Сіздің реакцияңыз қандай?






