Күрес түрлерінен Азия чемпионаты: Федерация қазақстандық жанкүйерлерге үндеу жасады
Қазақстан күрес федерациясы Қырғызстан астанасында өтетін күрес түрлерінен Азия чемпионатына байланысты арнайы үндеу жариялады, деп хабарлайды sadaq.kz.
Федерация мәліметінше, Бішкек қаласында өтетін дүбірлі додада Қазақстан балуандарына жанкүйер болып баруды жоспарлаған азаматтарды бір трибунада бірігіп, ұлттық құраманы бірге қолдауға шақырады.
«Бұл жай ғана жарыс емес, бұл – ел намысы сыналатын маңызды сәт. Көк байрағымыз желбіреп, Әнұранымыз шырқалатын тарихи күндерде баршаңызды бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұмыла қолдау көрсетуге шақырамыз», – делінген хабарламада.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Қазақстан жанкүйерлері үшін арнайы С2 секторы қарастырылған. Федерация өкілдері жанкүйерлерді мемлекеттік тумен келіп, ұлттық нақыштағы киімдер (тақия, шапан) киіп, қазақ рухын көрсетуге үндеді.
Сондай-ақ үндеуде жанкүйерлердің қолдауы спортшыларға ерекше күш беріп, қарсыластарға айбын болатыны атап өтілген.
«Ел намысы сынға түсетін сәтте сыртта қалмайық. Бірге болсақ, бізді ешкім тоқтата алмайды. Күш – бірлікте, жеңіс – жігерде», – деп қорытындылады федерация.
Әлеуметтік желіде жанкүйерлер де бұл бастаманы қолдап, өз пікірлерін білдіруде.
Олардың бірі: «Керемет. Мен 10-15 тақия тігіп беріп жіберемін. Құдай қаласа, көк туымыз көкте желбірей берсін. Батырларымызды Алла қолдасын», – деп жазған.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0