«Күйеуі үйде болмаған»: Ақтөбеде қайын атасы келінін зорлады деген күдікке ілінді
Ақтөбе облысының Алға ауданына қарасты Бесқоспа ауылында 22 жастағы келіншек өгей қайын атасының тарапынан зорлық көргенін айтып, полицияға шағымданды, деп жазады Orda.kz.
Ресми ақпаратқа сәйкес, шағым 29 қазан күні түскен. Жәбірленуші оқиғаның жай-жапсарын құқық қорғау органдарына өзі жеткізген. Қазіргі уақытта іс бойынша тергеу жүргізіліп жатыр, ал күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған.
«Полиция Алға ауданының 22 жастағы тұрғынын зорлау фактісі бойынша күдіктіні ұстады және уақытша ұстау изоляторына қамады. Қылмыстық істі жан-жақты, әрі бейтарап тергеуге бағытталған кешенді тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Қылмыстық іс бойынша өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді», - деп хабарлайды ПД баспасөз қызметі.
Анықталған мәліметке сүйенсек, зорлық көрдім деп шағымданған келіншектің екі баласы бар. Үлкені үш жаста, ал кенжесі жуырда ғана қырқынан шыққан.
Оқиға кезінде келіншектің күйеуі үйде болмаған. Қазір оған психологтар тарапынан көмек көрсетілуде.
Күдікті - 53 жастағы енесінің екінші күйеуі. Енесі алғашқы жолдасы қайтыс болғаннан кейін тұрмысқа шыққан. Сол себепті күдікті келіншектің туған қайын атасы емес, бірақ олар бір үйде бірге тұрған.
Сіздің реакцияңыз қандай?