«Күйеуімнің кінәсі жоқ»: Хасан Қасымбаевтың жұбайы өзін өртейтінін айтты
Талғар аудандық сотында "Хутор" тобына қатысы бар деген күдікпен ұсталған Хасан Қасымбаев пен тағы бес сотталушыға қатысты сот ісі аяқталуға таяды, деп хабарлайды sadaq.kz сайты "Адырнаға" сілтеме жасап.
Бүгін сотталушылар соңғы сөзін айтуы тиіс.
Қазіргі таңда аудандық сот ғимаратының алдында ондаған адам жиналды. Олар айыптаулар тек жәбірленушілердің куәліктеріне негізделгенін және жеткілікті дәлелдермен расталмағанын айтып, соттан әділ шешім шығаруды талап етуде.
«Күйеуімнің еш кінәсі жоқ. Оны үйде үш баласы күтіп отыр. Егер әділ шешім шығармаса, дәл осы жерде өзімді өртеймін»,- деді Қасымбаевтың жұбайы Зульфия Қасымбаева.
Сот ғимаратының маңында полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем көлігі кезекшілікте тұр.
Еске салайық, бұған дейін мемлекеттік айыптаушы Ерлан Құланбаев Қасымбаевқа 15 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұраған еді. Сондай-ақ айыпталушылардан жәбірленуші тарапқа бес миллион теңге моральдық өтемақы өндіруді ұсынған.
Тергеу нұсқасына сәйкес, 2021 жылы Қасымбаев аралас жекпе-жек жаттықтырушысы Арман Әлімовты ұрлап, оны аяусыз ұрып-соққан. Сондай-ақ оған 2016 жылы Аюпжан Тәжиевке жасалған шабуыл ісі бойынша тағы бір айып тағылып отыр.
Сіздің реакцияңыз қандай?