Макрон Дуровқа Telegram кеңсесін Парижге көшіруді ұсынған

Дуров одан бас тартқан. Сонда да Франция билігі 2021 жылы оған жеңілдетілген тәртіп бойынша азаматтық берген.

Тамыз 28, 2024 - 15:54
Макрон Дуровқа Telegram кеңсесін Парижге көшіруді ұсынған

28 тамыз күні кешке Францияда ұсталған Telegram-ның негізін қалаған кәсіпкер Павел Дуровты қамауда ұстау мерзімі аяқталады. Бүгін оны босатады ма, әлде қылмыстық іс бойынша ресми түрде айып таға ма, я бұлтартпау шарасын белгілей ме, ол жағы әзірге белгісіз, деп жазады Азаттық радиосы. 

Дуровты 25 тамызға қараған түні Әзербайжаннан Францияға жеке ұшақпен ұшып барғанда ұстады. 26 тамызда Париж прокуратурасы шілдеде Telegram платформасы көмегімен жасалған болуы мүмкін қылмыстарға байланысты іс қозғағанын хабарлады. Дуров осы істі тергеу аясында ұсталған. Дуров 12 қылмысқа қатысы болуы мүмкін деген күдікке ілінді, оның арасында киберқылмыс, қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру және кәмелетке толмағандарға байланысты порнографиялық контентті сақтауға қатысу бар. 

28 тамызда Wall Street Journal басылымы дереккөздеріне сүйеніп, 2021 жылы Франция азаматтығын алған Дуров пен француз билігінің қарым-қатынасына байланысты мәліметтер жариялады. WSJ ақпаратынша, 2018 жылы Франция президенті Эммануэль Макрон түскі ас кезінде Павел Дуровқа Telegram-ның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі штаб-пәтерін Парижге көшіруді ұсынған. Дуров одан бас тартқан. Сонда да Франция билігі 2021 жылы оған жеңілдетілген тәртіп бойынша азаматтық берген.

WSJ мәліметінше, Дуров пен Макронның кездесуінен бір жыл бұрын Франция мен БАӘ-нің арнайы қызметтері көптеген елде "террористік ұйым" деп танылған "Ислам мемлекеті" тобы Telegram-ды қатарына адам тартуға, теракт дайындауға пайдаланады деген күдікке байланысты Дуровтың ұялы телефонын бұзған.

Дуровқа жақын дереккөздің сөзінше, Telegram біраз уақыт француз соттары мен құқық қорғау органдарының заңсыз контентті алып тастауға я қылмысты тергеуге көмектесуге байланысты хабарлары мен қаулыларын елемеген. Дуров ұсталғаннан кейін Telegram мәлімдеме жасап, мессенжер Еуроодақ заңдарын, соның ішінде цифрлық қызметтер туралы заңды сақтайды деді. 

Франция президенті Эммануэль Макрон Дуровты қамауға алу "ешқандай саяси шешім емес" деді. Ресей билігінің бірқатар өкілі Дуровты ұстаған француз өкіметінің әрекетін сынға алды. Олар Франция мен басқа Батыс елдерінің билігін цензура мен "қос стандарт" қолданады, русофобияға салынды деп айыптады.

Дуров Telegram мессенжерін 2013 жылы құрған. Қазір ол әлемдегі ең танымал төртінші мессенжер. Оны қолданатындар саны 900 миллионнан асады. Мессенжерді 30 миллиард долларға бағалайды, Дуровтың байлығы 15 миллиард доллар дейді. Дуров Ресей, Франция, Біріккен Араб Әмірліктері, Сент-Китс және Невис федерациясы азаматтығына ие.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow