Маңғыстауда екі жасар қыз қарақұрт жұтып комаға түсті
Қарақұрт шаққаннан кейін баланың хәлі күрт нашарлап, оны аудандық ауруханадан санитарлық авиация арқылы облыстық ауруханаға шұғыл жеткізген.
Оқиға туралы ересектерге 6 жасар бала хабарлаған, деп жазады Sadaq.kz сайты Lada.kz басылымына сілтеме жасап.
Қарақұрт шаққаннан кейін баланың хәлі күрт нашарлап, оны аудандық ауруханадан санитарлық авиация арқылы облыстық ауруханаға шұғыл жеткізген.
Кішкентай қыз 10 күн жансақтау бөлімінде жатып, өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Дәрігерлер оған қарақұрт уына қарсы сарысуды екі рет енгізіп, бүлдіршіннің өмірін сақтап қалды.
Анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімінің меңгерушісі Мереке Бекбаев бұл жағдай науқастың күйін үздіксіз бақылауды талап еткенін айтады.
"Аудандық аурухана дәрігерлері науқастың жағдайының ауырлығын дер кезінде бағалап, қажетті көмекті ұйымдастырды. Санитариялық авиация бригадасы оны қауіпсіз тасымалдады. Ал біздің реаниматологтар Мереке Бекбаев, Гүлайым Жанова, Амангелді Дүйсенбек, Заманбек Айтмұратов, Жандос Нұрлыхани және медбикелер тәулік бойы қыздың өмірі үшін күресті. Баланың үйіне оралуына әрқайсысы өз үлесін қосты", – деді реанимация бөлімінің меңгерушісі Мереке Бекбаев.
Қыз жансақтау бөлімінде 10 күн жатқан. Дәрігерлер оның жағдайын тұрақтандырып, бүлдіршін комадан шықты. Ол өздігінен тыныс ала бастаған соң, өкпені жасанды желдету аппаратынан ажыратылды.
Емінің жалғасын тиісті бөлімде алған қыздың жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланып, үйіне шығарылды.