Мерц Украинаға алысқа атылатын зымыран беру туралы тыйымды жойды

Батыс елдері Украинаға берілген қару-жарақтан алыс қашықтағы нысаналарды атуға қойылған шектеуді алып тастады. Бұл жаңалықты Германияның жаңа канцлері Фридрих Мерц WDR телеарнасы эфирінде мәлімдеді, деп хабарлады Азаттық радиосы.
"Украинаға берілетін қару-жарақтан алыстағы нысананы атуға енді британдар да, француздар да, біз де шектеу қоймаймыз. Сол сияқты америкалықтар тарапынан да шектеу жоқ", – деді Мерц.
Оның сөзінше, бұл Киев "мысалы, Ресейдегі әскери нысандарға шабуыл жасау арқылы өзін қорғай алады" дегенді білдіреді.
Мерц бұған дейін бірнеше рет Украинаға әскери көмекті ұлғайтуға шақырған, соның ішінде алысқа ұшатын "Таурус" қанатты зымырандарын беруді ұсынған. Алайда Киевке ондай зымыран беруге бұрынғы канцлер Олаф Шольц басқарған үкімет қарсы болған.
"Мен әрқашан мұны [Украинаға Taurus зымырандарын беруді] еуропалық серіктестермен келісілген жағдайда жасар едім деп айтып келемін," – деді Мерц. Германия канцлері атап өткендей, Батыстың кей елдері Украинаға алысқа ұшатын зымырандар жеткізуді әлдеқашан бастаған.
Бұған дейін Германия үкіметі Украинаға берілетін жаңа әскери көмек пакеттерінің мазмұнын егжей-тегжейлі жарияламау жөнінде шешім қабылдаған еді. Мерц Германия Украинаға "Таурус" зымырандарын жібергенін я жібермегенін нақтыламады.
Мерцтің мәлімдемесіне байланысты пікір білдірген Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков:
"Егер ондай шешім расымен қабылданса, бұл біздің саяси жолмен реттеу мақсатына қайшы келеді," – деп мәлімдеген.
Сіздің реакцияңыз қандай?






