Мьянмадағы жер сілкінісінен қаза тапқандардың саны 2000-нан асып кетті

Өткен аптада Мьянмадағы қатты жер сілкінісінен көз жұмғандар саны күннен-күнге көбейіп жатыр. Соның ішінде, ғибадатхана қирап, үйінде астында 200 монах қаза тапса, 50 баланы мектеп ғимараты басып қалған. Зілзала кезінде мешіттерде намаз оқып жатқан 700 мұсылман зардап шеккен, деп хабарлайды sadaq.kz АР-ке сілтеме жасап.
БҰҰ мен гуманитарлық көмек ұйымдары жер сілкінісінің салдары елде аштық пен ауру-сырқау мәселесін ұшықтырып жібереді деп алаңдап отыр. Мьянмадағы азаматтық соғыс гуманитарлық көмек беру жұмыстарын қиындатады.
Бірнеше күн бұрын Мандалай қаласында болған күші 7,7 балдық жер сілкінісі әуежайды бүлдіріп, жүздеген ғимаратты қиратып кетті. MRTV мемлекеттік телеарнасының мәліметінше, ел басшысы Мин Аун Хлайн Пәкістан премьер-министрімен телефон арқылы сөйлескен уақытында 2065 адамның көз жұмып, 3900-ден астам адамның жарақат алғғанын, 270 адамның із-түзсіз жоғалғанын айтқан.
Қазір оқиға үйінделерді аршу жұмыстарына халықаралық құтқарушылар жұмылдырылған, оның ішінде Ресейден, Қытайдан, Үндістаннан және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен келген адамдар бар.
Еуропалық Одақ, Ұлыбритания, Австралия, Жаңа Зеландия, Оңтүстік Корея сияқты бірнеше мемлекет миллиондаған доллар қаражат бөлгенін жеткізді.
Сондай-ақ Бангкок қаласында жер сілкінісінен кем дегенде 18 адам қаза тапқан, 33 адам жараланып, 78 адам жоғалып кеткен.
Сіздің реакцияңыз қандай?






