«Нейрохируг мас болған»: Арқалықта науқас операция үстелінде көз жұмды

Үкімет отырысындағы брифинг барысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Қостанай облысында болған қайғылы оқиғаға қатысты пікір білдірді.
Бұған дейін БАҚ беттерінде Арқалық қаласында бір науқастың хирургиялық ота кезінде қайтыс болғаны туралы ақпарат тараған. Хирург мас күйінде операция жасаған.
«Костанайские новости» басылымының жазуынша, операцияны Қостанай облыстық ауруханасының нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі жүргізген. Өкінішке қарай, 61 жастағы науқас ота үстелінде қайтыс болған.
«Марқұмның ұлы әкесінің өлімін операциялық бөлмеге өзі кіріп, мәйітті көрген кезде бір-ақ білген. Қайтыс болған адамның туыстары дәрігерді аурухана аумағында тоқтатып үлгерген. Марқұмның қызы Әсел Оспанованың айтуынша, оқиға орнына полиция шақырылып, дәрігерді медициналық куәландыруға апарған. Тексеру нәтижесінде хирургтің мас күйде болғаны анықталған», – деп жазған еді басылым.
«Оқиға орнында фармацевтикалық бақылау департаменті жұмыс жүргізіп жатыр. Облыстық полиция департаменті тарапынан тиісті іс қозғалды. Тексеру нәтижелері бойынша түсініктеме береміз. Полиция департаменті тарапынан толық ақпарат берілмегенімен, біз өз тарапымыздан арнайы маман бөлдік», – деді министр Ақмарал Әлназарова.
Сіздің реакцияңыз қандай?






