Олимпиада жүлдегері қамауға алынды
Еркін күрестен Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Дәулет Шабанбай Павлодарда қылмыстық іске байланысты сот алдында жауап бермек. Спортшыға билік өкілдеріне күш қолданды деген айып тағылған. Қазіргі уақытта ол Павлодар қаласындағы тергеу изоляторында қамауда отыр, деп жазады 1bol.kz.
Ресми құжатта былай делінген:
«Сот өндірісінде Шабанбай Д.Е.-ге қатысты ҚР ҚК 380-бабының 4-бөлігінің 1-тармағы (“Екі және одан да көп билік өкіліне күш қолдану”) бойынша қылмыстық іс қаралуда».
Сот Дәулет Шабанбайды Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі аудандық сотына жеткізу туралы қаулы шығарды. Тағылған айып ҚР Қылмыстық кодексіне сәйкес 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасын көздейді.
Павлодар облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Азамат Имашевтің айтуынша, 42 жастағы Дәулет Шабанбай спорттық мансабын бес жыл бұрын аяқтаған. Соңғы рет ол Қазақстан чемпионатына қатысып, күміс медаль жеңіп алған.
Спортшының ең үлкен жетістігі – 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының қола жүлдесі. Бұл медаль оған тек 2022 жылы Белградта табысталды. Себебі жүлде алған екі балуанның допинг сынамалары оң нәтиже көрсетіп, қазақстандық спортшы бесінші орыннан үшінші орынға көтерілген.
Шабанбай – Азия чемпионатының бірнеше дүркін қола және күміс жүлдегері (2008, 2009, 2011, 2014, 2016). 2014 жылғы Азия ойындарының күміс медалін де еншілеген.
Сондай-ақ спортшы 2018 жылы да қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Сол кезде ол федерацияда спорт нұсқаушысы болып жұмыс істеген.
Тергеу мәліметі бойынша, ол жүргізген LADA көлігі Павлодардағы көпір үстінде тұрған Audi-80 автокөлігіне соқтығысқан. Салдарынан 51 жастағы әйел жолаушы оқиға орнында қаза тапқан.
Шабанбай кінәсін толық мойындап, прокурормен процессуалдық келісім жасаған. Марқұмның жұбайына 1 миллион теңгеден астам өтемақы төлеп, екі жыл шартты жазаға кесілген. Сондай-ақ бес жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айырылған.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0