«Омикрон» өршіді: вакцина егу қайта басталуы мүмкін

Мамыр 22, 2025 - 09:12
«Омикрон» өршіді: вакцина егу қайта басталуы мүмкін
Фото: freepik.com

Бес жыл бұрын жаһан жұртын дүрліктірген "Омикрон" Азияда қайта өрши бастады. Әсіресе Гонконг пен Сингапурде. Қазірдің өзінде 14 мыңнан астам адамнан "LP.8.1" деп аталатын вирустың жаңа түрі табылған. Енді пандемияның жаңа толқыны әлемді алаңдатып отыр. Эпидахуал өрши түссе, вакцина егу қайта басталуы мүмкін, деп хабарлайды "КТК" арнасы.

Гонконг пен Сингапур, Қытай мен Таиландатағы жағдай алаңдатарлық. Гонконг дәрігерлері "Омикрон" індетінің жаңа толқыны басталғанын растады. Осы айдың өзінде 30-дан аса адам көз жұмған. Сингапурде де ай басынан бері 14 мыңнан аса адам вирус жұқтырыпты. Күніне 130-ға жуық науқас ауруханаға түсіп жатыр. Басым бөлігі 65 жастан асқандар. Отандық дәрігерлер жаңа штамның белгілерін атады.

"COVID-тің жаңа штамы біртіндеп таралып жатыр. Бұл — "Омикронның" мутацияларының бірі. Негізінде бұл штамм қазіргі уақытта алаңдаушылық тудырмайды. Иә, шағын толқын бар. Бұл вирустың белоктарында мутацияның пайда болуымен байланысты. Оның белгілі бір ерекшеліктері бар. Ол алдыңғыларға қарағанда тамақтың ауыруын, мұрынның бітелуін, түшкіруді және аздап құрғақ жөтел тудырады", - дейді медицина ғылымдарының докторы Дмитрий Еделев.

Сондай-ақ әлсіздік пайда болып, дене сырқырайды. Бірнеше күннен кейін вирус күшейіп, дене қызуы 39 градусқа дейін көтеріледі екен. Жыл басынан бері елімізде 329 жағдай тіркелген, қайтыс болғандар жоқ. Бұл өткен жылмен салыстырғанда төрт есе аз. Елдегі эпиджағдай жіті бақылауда, сондықтан алаңдауға негіз жоқ деп отыр жауапты органдар. "Омикрон" штамы пандемия кезіндегідей қауқарлы емес. Сырқат жеңіл түрде өтеді. Адамзатқа қауіп төндіріп жатқан жоқ. Жалпы біздің елімізде жағдай тұрақты. Сол үшін алаңдап, аурудың үлкен бір толқыны келе жатыр, байқаңыздар деп, дүрбелеңге салдыратындай емес", - дейді Қазақстан ДСМ Санитария-эпидемиологияны бақылау комитетінің басқарма басшысы Жасұлан Алпысбаев.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Ковид-19 пандемиясын ресми жарияғалы бес жыл өтті. Осы уақыт ішінде әлемде 700 миллионнан астам адам вирус жұқтырып, 7 миллионы көз жұмған екен. Бұл адамзат тарихындағы ең қатерлі індеттердің біріне айналды. Бұрын‑соңды болмаған шектеу шаралары қабылданып, халық бірнеше уақыт міндетті карантинде болған еді. Сол себепті көпшіліктің алаңдауы — заңдылық.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow