«Оның сөзін кім тыңдап еді»: Рамазан Стамғазиев Бекболат Тілеухан туралы
Белгілі әнші, Қазақстанның Халық әртісі Рамазан Стамғазиев “Айранға” берген сұхбатында өзіне ұсынылған қызметтерден не себепті бас тартқанын айтты, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Сұхбат барысында әнші өзінің азаматтық ұстанымын ешқашан жасырмайтынын, айту керек кезде ойын ашық білдіруді парыз санайтынын атап өтті. Оның айтуынша, елде атом электр станциясын салу мәселесі көтерілген кезде ол бұл бастамаға қарсы болған. Сондай-ақ жаңа Конституция жобасындағы қазақ тіліне қатысты 9-баптың 2-тармағына, яғни қазақ тілімен қатар орыс тілінің қолданылуына да қарсылық танытқанын жеткізді.
Журналист Рамазан Стамғазиевтен «сізге қызмет ұсынылды ма?» деп сұраған. Әнші мұндай ұсыныстардың болғанын жасырмайтынын айтты.
“Не істеймін онда? Мені кім тыңдайды? Бекболат пен Өнербаевтың Парламентте сөзін біреу тыңдады ма? Шерхан Мұртазаны тыңдады ма? “Жыланда ғана екі тіл бар” деп немесе “алтынның үстінде жалаңбұт отырмыз” деп айтқан да сол кісі еді ғой. Оны кім тыңдады? Мен барғанда нені өзгертемін? Соған кеткен уақытқа одан да қазақтың балаларына ән өнерін үйретейін, білім берейін, кітап оқытайын, адамдық жолға бағыттайын. Бәләмбай қызметке шақырғаны рас, бірақ онда мен домбырамды сүйеп кетуім керек қой!? Кәсібімді қоюыма тура келеді”, – деді ол.
Рамазан Стамғазиев таңдап алған жолы әншілік екенін, мұғалім болып өнерді кейінгі балаларға мұра етуді өзіне парыз санайтынын айтты. Әйгілі дәстүрлі әнші Қайрат Байбосыновтың “ХХ ғасырдағы жігіттері – біз ХІХ ғасырдың жүгін көтерген жігіттерміз, енді осы өнерді ХХІ ғасырдың жігіттеріне аманаттаймыз” деген сөзіне есіне алды.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0