Перизат Қайрат пен анасы бір түрмеге түсе ме

Ішкі істер министрінің орынбасары – Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің орынбасары Абай Қайырбеков 10 жылға сотталған Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Айта кетейік, бүгін журналистер одан Перизат Қайрат пен анасы бір түрмеге түсіп, жазасын бірге өтеуі мүмкін бе деп сұраған еді.
«Негізінен, мүмкін. Бірақ, түрме ішінде бір отрядқа түсе ме, әлде әртүрлі отрядта жазаларын өтей ме, басқа мәселе. Бұл сол кездегі жағдай мен қауіп-қатерлерге байланысты», - деді Абай Қайырбеков.
Ол сондай-ақ егер Перизат Қайраттың білімі бар болса, онда ол түрмедегі бос жұмыс орындарына жұмысқа тұра алатынын, ал егер білімі сай келмесе, қосымша курстардан өте алатынын айтты.
Естеріңізге сала кетейік, Перизат Қайрат 2024 жылдың қарашасында қазақстандықтардың қайырымдылыққа деп жинаған 3 млрд теңгеден астам қаражатын өз қажетіне жұмсап, талан-таражға салғаны үшін ұсталған. 2025 жылдың 25 шілдесінде ол он жылға, ал анасы Ғайни Алашбаева алты жылға сотталған.
Бұл қаражат мүмкіндігі шектеулі балаларға, Қазақстандағы су тасқынынан және Таяу Шығыстағы қақтығыстан зардап шеккендерге қайырымдылық көмегі ретінде жиналған. Қылмыстық іс сотқа жолданды.
9 шілдеде Астана сотында ұрланған қаражаттың жалпы сомасы нақтыланып, 3,5 миллиард теңгені құрағаны айтылды. Қылмыстық іс бойынша сот процесі екі аптаға созылды. Ол ішінара жабық режимде өтті. Сотта дәлелдер журналистердің қатысуынсыз зерттелді.
Сіздің реакцияңыз қандай?






