Air Astana компаниясының бас директоры Питер Фостер қызметінен кететін болды

Air Astana әуе компаниясының бас атқарушы директоры және директорлар кеңесінің мүшесі Питер Фостер 2026 жылдың наурызының соңында өз қызметінен кететіні белгілі болды, деп хабарлайды sadaq.kz.
Компания мәліметінше, Питер Фостер Air Astana тобымен байланысын үзбейді – ол директорлар кеңесінің аға кеңесшісі ретінде қызметін жалғастырады.
Оның орнына қазіргі қаржы жөніндегі атқарушы директор Ибрахим Жанлыел бас атқарушы директор лауазымына тағайындалмақ.
"Директорлар кеңесі Питер Фостерге компанияны 20 жыл бойы басқарудағы ерен еңбегі үшін шын жүректен алғыс білдіреді – ол компанияны құрылған кезеңінен бастап бүгінгі таңда Қазақстан мен Орталық Азияның жетекші әуе компаниясына және әлемдік авиация саласында мойындалған брендке дейін жеткізді. Директорлар кеңесі Ибрахим Жанлыелдің бас атқарушы директор қызметіне тағайындалуын құптайды. Жанлыел мырза 2003 жылдан компаниялар тобының құрамында жұмыс істеп келеді: бастапқыда коммерциялық бағыттағы басшылық қызметтерді атқарып, 2017 жылдан бері қаржы жөніндегі атқарушы директоры лауазымын иеленіп келеді. Оның компанияның дамуына қосқан үлесі зор, әрі ол топтың қызметі мен жалпы авиация саласы бойынша мол тәжірибеге ие. Директорлар кеңесі оның басшылығымен компанияның өсуі мен жаңа жетістіктерге жететініне толық сенімді", - деді "Эйр Астана" АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Нұрлан Жақұпов.
Сіздің реакцияңыз қандай?






