Сұлтан Сәрсемәлиев апелляциялық шағым түсірді

Тамыз 17, 2026 - 17:24
chat_bubble  0 visibility  12
Сұлтан Сәрсемәлиев апелляциялық шағым түсірді
Фото: видеодан скрин

Атырауда төрт адамды өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылған Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты сот үкіміне апелляциялық шағым берілді. Бұл туралы «Сот кабинетіндегі» мәліметтерде көрсетілген, деп хабарлайды Sadaq.kz.

Шағым 2026 жылғы 29 шілдеде түскен. Алайда оны Сұлтан Сәрсемәлиевтің өзі берген жоқ. Атырау облыстық сотының хабарлауынша, үкім жарияланған кезде судья бірнеше мекеме басшысына қатысты жекеше қаулы шығарған. Апелляциялық шағым сол мекемелердің бірінен түскен.

Еске салайық, 14 шілдеде Атырауда Сұлтан Сәрсемәлиев қайын жұртындағы төрт адамды қасақана өлтірді деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Сот материалдарына сәйкес, Сәрсемәлиев 2025 жылдың мамырында жалдап тұрған үйінде қайын ағасы Наурыз Мұқанғалиевті пышақтап өлтірген. Кейін оның мәйітін үйдің жанына көміп, жақындары күмәнданбауы үшін марқұмның атынан хабарламалар жазып отырған.

2025 жылдың қазанында Жангелдин ауылында тұратын бұрынғы қайын атасы мен енесін де өз үйлерінде пышақтап өлтірген. Ол мәйіттерді шамамен 1 метр 30 сантиметр тереңдікте қазылған жерге көмген.

Кейін бұрынғы әйелі Ақбаян мен қайын апасы Мейрамгүл Қарабалинаны ертіп Атырауға барған. Қалада Мейрамгүл Қарабалинаны да пышақтап өлтіріп, мәйітін Наурыз Мұқанғалиевтің жанына жерлеген.

Төрт адамды өлтіргеннен кейін Сәрсемәлиев Түркия арқылы Меккеге барып, Құдайдан кешірім сұрамақ болған.

Соттағы соңғы сөзінде ол Құдай мен мемлекет заңын бұзғанына өкінетінін айтқан. Сонымен бірге болған оқиғаға қаза тапқан адамдардың өзін кінәлаған.

Қылмыстық істі судья Зарема Хамидуллина қарады. Оның айтуынша, сот барысында Сәрсемәлиевтің 2025 жылғы мамырдан желтоқсанға дейін төрт адамды қасақана өлтіргені толық дәлелденген. Бұдан бөлек, ол кісі өлтірулерден кейін алаяқтық, ұрлық және марқұмдардың жеке куәліктерін иемдену сияқты бірнеше құқық бұзушылық жасаған.

Сотта оның жәбірленушілердің мүлкін талан-таражға салғаны, олардың атына несие рәсімдегені, сондай-ақ ауыл тұрғындарын марқұм Наурыз Мұқанғалиевтің атынан хабарламалар жіберіп алдап, оның малдарын сатып жібергені де дәлелденгені айтылды.

Сіздің реакцияңыз қандай?

Ұнады Ұнады 0
Ұнамады Ұнамады 0
Керемет Керемет 0
Күлкілі Күлкілі 0
Сұмдық Сұмдық 0
Қайғылы Қайғылы 0
Жарайсың Жарайсың 0