«Сүмеңдеген жүріс»: Депутат Нұрсұлтан Назарбаевқа шетелге шығуға тыйым салуды ұсынды

Желтоқсан 29, 2025 - 14:54
 0  27
«Сүмеңдеген жүріс»: Депутат Нұрсұлтан Назарбаевқа шетелге шығуға тыйым салуды ұсынды
Фото: ТАСС

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи ұлттық қауіпсіздік мәселесіне алаңдап, мемлекеттік құпиядан хабардар болған бұрынғы жоғары лауазымды тұлғалардың шетелге шығуын заң аясында шектеу қажеттігін көтерді, деп хабарлайды Sadaq.kz.

Бұл бастама Нұрсұлтан Назарбаевтың Кремльде Ресей президенті Владимир Путинмен өткізген құпия сипаттағы кездесуінен кейін айтылған.

Депутаттың пікірінше, экс-президенттер, министрлер және өзге де ықпалды тұлғаларға белгілі мемлекеттік құпиялар – ел қауіпсіздігінің маңызды құрамдас бөлігі. Осыған байланысты олардың елден тыс жерге шығуын құқықтық тұрғыда реттеу қажет. Ермұрат Бәпи халықаралық тәжірибені, соның ішінде Қытайдағы шектеу шараларын мысалға келтіріп, Қазақстанға да осындай заң ауадай қажет екенін алға тартты.

«Бұл не қылған сүмеңдеген жүріс?! Кезінде жеке өзі билеп-төстеп, бір шыбықпен айдаған халқы пана болмайтынын сезген сорақының қорлығы ғана ма? Әлбетте бұл тіленшектік Қазақстанға, қазаққа қарайлас қарекет емес, әдеттегідей тойымсыз жеке бастың қамы болса керек! Сондықтан елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік құпияны білетін тұлғаның шет елге шығу мүмкіндігін реттейтін заң қажет шығар», – деп мәлімдеді депутат.

Сондай-ақ Ермұрат Бәпи бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Қайрат Қожамжаров секілді тұлғаларға қатысты «шекаралық бақылау» енгізуді ұсынды. Оның айтуынша, экс-президенттің Мәскеуге сапары елдің мемлекеттік билігі мен халқына сес көрсету ретінде қабылдануы мүмкін.

«Ал бұған және Қожамжаров сияқты басқаларға елдің қауіпсіздік қамына орай күнібұрын шекаралық «қызыл жалауша» қоюға болмай ма? Бұл қабылдаудың саяси мазмұнын Кремль қалай қабылдайтынын қайдам, ал экс-президенттің ішіндегі «қызыл иті» елдің мемлекеттік билігі мен Қазақстан халқына сес көрсетуі деп түсінеміз бе», – деп жазды Ермұрат Бәпи өз парақшасында.

Сіздің реакцияңыз қандай?

Ұнады Ұнады 0
Ұнамады Ұнамады 0
Керемет Керемет 0
Күлкілі Күлкілі 0
Сұмдық Сұмдық 0
Қайғылы Қайғылы 0
Жарайсың Жарайсың 0