«Тағы да атап өткім келеді»: Рүстем Жүгінісов талқыға түскен пікірі туралы түсініктеме берді

Бірнеше күн бұрын әлеуметтік желілерде Ақтөбедегі мешіттердің бірінің ауласында ер адамның жас қызға қырындаған сәті түсірілген видео тарады, деп хабарлайды sadaq.kz.
Оқиғаға байланысты полиция күдікті ер адамға хаттама толтырып, іс сотқа жолданғанын мәлімдеді.
Аталған жағдай қоғам назарын аударып, көп ұзамай Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) ресми мәлімдеме жасады. Онда шариғатта өзгеге тіл тигізу, орынсыз сөз айту, әсіресе әйел затына қатысты қолайсыз пікір білдіру – мұсылман әдебіне сай келмейтіні және мұндай әрекеттер айыпталатыны атап өтілді.
Қоғам белсенділері мен желі қолданушылары оқиғаға түрлі көзқарас танытып, пікір білдіруде. Солардың ішінде әнші Рүстем Жүгінісовтың айтқандары үлкен резонанс тудырды. Ол бастапқы жазбасында қыз балалар мешітке міндетті түрде ағасымен немесе күйеуімен келуі керек деген пікір айтып, көпшіліктің наразылығына ұшыраған.
Кейін әнші бұл мәлімдемеге түсініктеме беріп, Instagram парақшасында былай деп жазды:
"Соңғы күндері тарап жатқан жазбаларыма байланысты түсініктеме бергім келеді. Бірінші жазбамда ер адамның әрекеті мүлде дұрыс емес екенін айттым – бұл анық. Дінімізде “бір күндік неке” деген ұғым жоқ екенін тағы да атап өткім келеді.
Ал екінші жазбамда, өкінішке қарай, өз ойымды дұрыс жеткізе алмадым. Сол сәттегі эмоцияға беріліп, кейбір сөздерім қатты шығып кеткенін мойындаймын. Бұл – менің үлкен қателігім. Біз зайырлы мемлекетте өмір сүреміз, әр адамның өз таңдауы бар. Мен ешкімге өз көзқарасымды таңуға тырысқан жоқпын. Әркімнің шешіміне құрметпен қараймын", - деді ол.
Бұл жағдай әлі де қоғамда қызу талқыланып жатыр.
Сіздің реакцияңыз қандай?






