Таиландта жантүршігерлік қылмыс болды
Аустралия азаматы Таиландта 17 жастағы қызды өлтірді деген күдікке ілінді. Марқұмның мәйіті чемоданның ішінен табылды. Бұл туралы Sadaq.kz сайты Metro басылымына сілтеме жасап хабарлады.
Қайғылы оқиға 25 маусым күні Таиландтың Паттайя курортында болған. Тергеу мәліметінше, 45 жастағы Саймон Карман жағажайда 17 жастағы Тунчанок Донхомлумен танысқан. Полицияның болжамынша, ер адам қыздың қызметі үшін 1 мың тай батын төлеуге келіскен, алайда қонақүйге барған соң оның жартысын ғана берген. Осыған байланысты екеуінің арасында жанжал туындап, соңы қыздың өлімімен аяқталған.
Бейнебақылау камераларындағы жазбаларға сәйкес, олар қонақүйге жергілікті уақыт бойынша сағат 03:30 шамасында кірген. Сол күні кешкі сағат 22:00-де күдікті қара түсті чемоданды алып шығып, мотоциклмен кетіп қалған. Біраз уақыттан кейін ол қонақүйге қолында ештеңесіз қайта оралған.
Кейін теміржол маңынан чемоданның ішіне салынған Тунчанок Донхомлудың мәйіті табылды. Күдікті Бангкок әуежайында Аустралияға ұшпақ болған сәтте ұсталды. Алғашында ол өз кінәсін жоққа шығарғанымен, тергеушілер бейнежазбаларды көрсеткеннен кейін қылмысын мойындаған.
Сот отырысында Саймон Карман марқұмның туыстарынан кешірім сұрап, болған жағдайға өкініш білдірген. Оның айтуынша, мұндай оқиға болмауы тиіс еді және ол басқа қыздарды сақ болуға шақырған.
Қазіргі уақытта күдіктіге бірнеше ауыр бап бойынша айып тағылды. Егер оның кінәсі дәлелденсе, өмір бойына бас бостандығынан айырылуы немесе өлім жазасына кесілуі мүмкін.
Белгілі болғандай, Тунчанок Донхомлу Бангкоктан Паттайяға қоныс аударып, қаланың түнгі өмірімен танымал көшесінде жұмыс істеген. Өгей анасы Оради Буссаракумның айтуынша, отбасы қызбен бірнеше рет байланысуға тырысқанымен, еш нәтиже шықпаған. Оның сөзінше, бойжеткен кейде ата-анасына көмектесіп, Сонгкран мерекесі кезінде көшеде гүл шоқтары мен жеміс-жидек сатып жүрген. Отбасы қызды жұмыс істеуге ешқашан мәжбүрлемегенін мәлімдеді.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0