Талдықорғанда мысығын кір жуғыш машинаға салып жуған әйел табылды (ВИДЕО)
Бірер күн бұрын әлеуметтік желілерде Талдықорған тұрғыны мысығын кір жуғыш машинаға салып жуған видео тараған еді, деп жазады Sadaq.kz.
Кадрдан мысықтың кір жуғыш машинаның барабанына салынғаны байқалады. Аталған жарияланым желі қолданушыларының наразылығын тудырып, құқық қорғау органдарының жедел әрекет етуіне негіз болды. Жетісу облысы ПД әйелді тапты.
Бейнежазба жарияланған сәттен бастап полиция қызметкерлері жануарларға қатыгездік көрсету дерегі бойынша тексеру жұмысын бастады. Ролик авторы бұл әрекетін «әзіл» ретінде түсіндіріп, кір жуғыш машинаның барабанына су қоспай бір рет қана айналдырғанын, содан кейін жануарды бірден шығарғанын мәлімдеді.
Әйелдің айтуынша, кір жуғыш машинаның барабаны су құйылмай небәрі бір рет айналып, содан кейін жануар бірден шығарылған. Әйел бұл әрекетін «қызыма пранк түсіргім келді», деп түсіндірген.
Кейін мысық ветеринар дәрігердің тексеруінен өткен. Маманның қорытындысына сәйкес, қазіргі уақытта жануардың өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ. Дегенмен, бұл жағдай бойынша мысық иесі жануарларға қатыгездік көрсеткені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Құқық қорғау органдары ескертеді: жануарларға стресс, ауырсыну немесе ықтимал қауіп төндіретін кез келген әрекет – себептері мен жариялау формасына қарамастан жол берілмейді.
Құрметті әлеуметтік желі қолданушылары! «Әзіл» мен шынайы өмірдің арасында нақты шекара болуы тиіс. Қаралым мен лайкқа ұмтылу қатыгездікті ақтай алмайды. Жануарлар - контентке арналған реквизит емес, олар қамқорлықты, жауапкершілікті және құрметті қажет ететін тірі жандар», – делінген хабарламада.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0