«Темір торға 4 сағат бойы іліп қойған»: Шымкенттегі колония қызметкерлері сотталғандарды азаптап келген
Шымкентте түзеу мекемесінің қызметкерлері сотталғандарды азаптады деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Arasha.kz Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Шымкент қаласы бойынша өңірлік өкілі Нұржан Әбдезов сотталғандардың бірін жеке қабылдады. Ол 2025 жылдың маусым айында мекеме қызметкерлері оның қолына кісен салып, ұрып-соққанын, содан кейін темір торға 4 сағат бойы іліп қойғанын, сондай-ақ аяқ киімін шешіп, табанынан дубинкамен ұрғанын хабарлады. Сонымен қатар, қабылдау барысында иегі сынған тағы бір сотталғанның соққыға жығылу фактісі анықталды. Өңірлік өкіл аталған жағдайлар бойынша дереу әрекет ету шараларын қабылдады», — делінген хабарламада.
Мәліметтерге сәйкес, медициналық көмектің уақтылы көрсетілмегені үшін медицина қызметкерлері жауапқа тартылды. Ал мекеме қызметкерлеріне қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 362-бабы (Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
«Құқық қорғау институты мекеме қызметкерлерінің іс-әрекеттерінде азаптау белгілерінің болуына байланысты оларды қайта қарау туралы жоғары қадағалау органына үндеу жолдады. Бас прокуратура бұл ұстанымды қолдап, өткен жылдың соңында сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісі Қылмыстық кодекстің 146-бабы 3-бөлігіне (Қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер, азаптаулар) қайта сараланды», — деп атап өтті ведомстводан.
Қазіргі таңда мекеменің үш қызметкері қамауға алынды.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0