Төрт пәтер, он бір көлік: Көкшетауда субсидияны жымқырғандар сотталды
Көкшетау қаласында агроөнеркәсіп кешені субъектілеріне берілген мемлекеттік субсидияны жымқырғандар сотталды, деп хабарлайды Қаржылық мониторинг агенттігі.
"МолПродЖаркаин" ӘКК директоры мен "Рассвет" шаруа қожалығының басшысы екі жыл бойы сүт және оны терең өңдеу өнімдерінің өндірісін арзандатуға арналған субсидияларды заңсыз алған.
"Рассвет" шаруа қожалығында мәлімделген көлемде сүт өндіруге жеткілікті мал басы болмаған. Соған қарамастан электронды шот-фактуралар ақпараттық жүйесінде "МолПродЖаркаин" ӘКК-не 3 млн кг-нан астам шикі сүт жеткізілгені туралы жалған құжаттар рәсімделген", - дейді агенттік.
Осы құжаттар негізінде сүтті сары май мен қатты ірімшікке өңдеу туралы есептер жасалып, уәкілетті орган өтінімдерді мақұлдағаннан кейін қаражат кәсіпорынның есепшотына аударылған. Мемлекетке келтірілген жалпы залал – 152 млн теңге.
"Алынған субсидиялардың бір бөлігі сотталушылардың бірінің туысының депозиттік шотына аударылған. Кейін бұл қаражатқа мобильді ғимарат сатып алынған", - дейді агенттік.
Тергеу барысында 6 жер учаскесіне, 4 пәтерге, 11 автокөлікке, мобильді ғимаратқа және өндірістік нысанға тыйым салынды. Сот үкімімен екі сотталушы 6 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Мобильді ғимарат мемлекет кірісіне тәркіленді. Қалған мүлікке салынған тыйым азаматтық талап толық орындалғанға дейін сақталады. Үкім заңды күшіне енді.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0