«Трамп пен Путиннің құпия құжаттары» Аляскадағы қонақүйден табылды

АҚШ-тың NPR ұлттық қоғамдық радиосы Anchorage қаласындағы Captain Cook қонақүйінен президенттер Дональд Трамп пен Владимир Путиннің кездесуіне қатысты «маңызды құжаттар» табылғанын хабарлады. Құжаттарда АҚШ Мемлекеттік департаментінің белгілері болған, деп жазады sadaq.kz сайты todayinfo.kz-ке сілтеп.
Құжаттарда не болды?
Принтерде ұмыт қалған 8 беттен тұратын пакетте кездесулер кестесі, Эльмендорф-Ричардсон базасындағы залдардың атаулары, әкімшілік қызметкерлерінің телефон нөмірлері, делегация мүшелерінің тізімі және тіпті сыйлықтар тізімі болған.
Құжаттарға сәйкес, Дональд Трамп Владимир Путинге ақбас қыранның мүсінін сыйлауды жоспарлаған.
Сондай-ақ қосымшада ресми түскі асқа арналған орындықтар схемасы мен мәзірі көрсетілген: шампан қосылған салат, филе-миньон, Olympia палтусы және крем-брюле.
Сарапшылар пікірі
Заңгерлер мен ұлттық қауіпсіздік саласының мамандары бұл жағдайды «қабылдауға болмайтын салақтық» деп бағалады.
«Мұндай құжаттарды принтерде қалдыруға болмайды, бұл – қарапайым қағида», – деді UCLA профессоры Джон Майклс.
NPR атап өткендей, мемлекеттік қызметкерлердің телефон нөмірлері мен кездесудің нақты бөлшектерін жариялау – қауіпсіздікке қатер төндіруі мүмкін.
Ақ үйдің жауабы
АҚШ әкімшілігі айыптауларды әжуаға айналдырды. Ақ үйдің баспасөз хатшысы орынбасары Анна Келли бұл құжаттарды «бірнеше беттік түскі ас мәзірі» деп атап, былай деді:
«Ас мәзірін қауіпсіздік құжаты етіп жариялау – күлкілі».
Мемлекеттік департамент журналистердің сауалдарына жауап бермеді.
Жоспарланған түскі ас болмай қалды
Путин құрметіне жоспарланған түскі ас кейіннен толығымен тоқтатылды. Алайда «қағаз жанжалы» Анкоридждегі саммиттің басты талқыланған оқиғасына айналды.
Айта кетейік, бұған дейін Аляскада Дональд Трамп Владимир Путинге жұбайы Мелания Трамптың хатын тапсырғаны белгілі болған.
Сіздің реакцияңыз қандай?






