Трамп Украинаға Томогавк зымырандарын берерден бұрын Путинмен ақылдасып алмақ

Қазан 13, 2025 - 10:46
Трамп Украинаға Томогавк зымырандарын берерден бұрын Путинмен ақылдасып алмақ
Valery Sharifulin/TASS

АҚШ президенті Дональд Трамп Израильге аттанар алдында ұшақ бортында журналистермен сөйлесіп, АҚШ Украинаға "Томогавк" қанатты зымырандарын беріп қалуы мүмкін екенін айтты.

Ол бұл мәселені алдымен Ресеймен талқылайтынын мәлімдеді.

"Шындығын айтқанда, маған Ресеймен "Томогавк" туралы сөйлесуге тура келуі мүмкін. Олар өз аумағына "Томогавктың" ұшып келгенін қалай ма? Қаламайды деп ойлаймын. Турасын айтсақ, бұл туралы Ресеймен сөйлесуім керек" деді Трамп.

Журналистердің қосымша сұрағына Трамп Ресей президентімен "телефон арқылы сөйлесуі мүмкін" екенін айтты.

"Онымен сөйлесіп көрермін. Мен оған: "Егер соғыс реттелмесе, мен оларға "Томогавк" беремін" деп айтамын" деді АҚШ президенті.

Трамп Киевке бұл зымыранды беру "эскалацияның жаңа сатысы" болуы мүмкін екенін растап, мұны Украина президенті Владимир Зеленскийге де айтқанын мәлімдеді. АҚШ президентінің сөзінше, Ресейге Украина қолына "Томогавк" зымыраны тигені қажет емес, сол себепті Мәскеу бейбіт келісімге келгені абзал.

Ресей президенті бейбітшілікке көнуі қажет, әйтпесе ол үшін мұның "аяғы жақсы болмайды" деді Трамп.

Кейінгі күндері Трамппен телефон арқылы екі рет сөйлескен Владимир Зеленский мұның алдында АҚШ басшысымен әңгімелесу кезінде "Томогавк" мәселесін де талқылағанын айтқан. Ал Ресей алысқа ұшатын бұл зымыранның Украинаға берілу ықтималдығына алаңдайтынын мәлімдеген. Бірақ Путин бұл зымыран соғыс бағытын өзгертпейді деген.

Дереккөз: Азаттық радиосы 

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow