«Цирк билетіне ұқсайды»: 1000 теңгелік банкноттың дизайны қызу талқыға түсті

Threads әлеуметтік желісінде 1000 теңгелік жаңа банкнота туралы жазба аз уақыт ішінде жарты миллионға жуық қаралым жинап, көпшіліктің қызу талқысын тудырды, деп хабарлайды sadaq.kz.
Пайдаланушылардың пікірі екіге бөлінді: бір бөлігі жаңа купюраны ерекше әрі заманауи деп бағаласа, енді біреулері оның дизайнын ұнатпаған.
«Цирк билетін еске салады»,
«Неге әр 3–5 жыл сайын дизайнды өзгертеді? Бұлай жиі ауыстырудың не қажеті бар?»,
«Қай нұсқасы соңғы екенін шатастырып алдым. 1000 теңгенің дизайны менің өмірімдегі өзгерістерден жиі ауысады», – деп жазды кейбір қолданушылар.
Ал енді бір бөлігі жаңа купюраны “естелікке алғым келеді”, “өте әдемі және символикалық” деп бағалаған.
Ұлттық банк мәліметінше, 1000 теңгелік жаңа естелік банкнота 2025 жылдың 9 мамырында – Жеңіс күніне орай айналымға енгізілген. Тиражы – 5 миллион дана.
«Отандастарымыздың ерлігі мен батырлығын ұлықтау мақсатында бұл естелік банкнот айналымға енгізілді. Түстік гаммасы бұрынғы 1000 теңгелік банкноталармен бірдей, бұл олардың танылуын және қолданысын жеңілдетеді», – делінген Ұлттық банктің хабарламасында.
Сіздің реакцияңыз қандай?






