«Туфлиі 510 мың теңге, Lexus-пен тек ақылы клиникаға барады»: Денсаулық сақтау министрі тағы да сынға қалды

Желіде Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың қымбат туфлиі мен Lexus көлігі қызу талқыға түсіп, сынға ұшырады. Жұртшылық оның тек ақылы емханалардың жағдайын көруге барғанын айтып шағымданды, деп хабарлайды sadaq.kz сайты stan.kz-ке сілтеп.
Желі қолданушысы министрдің қымбат өмірін халыққа ашығынан көрсеткенін сынады. Айтуынша бұл бірінші рет емес.
“Құрметті отандастар, депутаттар, бұқаралық ақпарат құралдары! Бұл "цирк" пен қарапайым халықты ашығынан мазақ ету қашан тоқтайды? Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова елге емес, кімге "қызметші" екенін тағы бір мәрте көрсетті. Бірінші жолы ол Ұлытау ауруханасына Lexus-пен келсе, екіншісінде бағасы 1000 еуродан (510 мың теңгеден) асатын Valentino Garavani туфлиімен шықты. Мен осы туфли туралы пікір жазған соң, Денсаулық сақтау министрлігі менің аккаунтымды бұғаттап тастады. Бұл жағдай назардан тыс қалмайды деп үміттенемін”, – деді ол.
Үкіметтегі брифингте Ақмарал Әлназаровадан неге министр жеке меншік клиникаға барғаны және жағдайы мүшкіл мемлекеттік ауруханаларға неге бас сұқпағаны сұралды. Министрдің айтуынша, видео роликті жеке медициналық мекеме "Қазақмыс" медициналық орталығы түсірген.
“Бұл – жоғары деңгейде жұмыс істеп тұрған аз ғана медициналық мекемелердің бірі. Мен тек осы клиникаға ғана емес, облыстық ауруханаға да бардым. Қазір ол жерде күрделі жөндеу жүріп жатыр. Сондай-ақ Ұлытау ауданына да жұмыс сапарымен шықтым”, – деді министр.
Ақмарал Әлназарова мемлекеттік емханаларға да барғанын айтып, медициналық ұйымдармен жиналыс өткізгенін жеткізді.
“Әрине, жүйелік мәселелер бар. Бірақ менің басты міндетім – халыққа медициналық көмекті дұрыс ұйымдастыру”, – деді ол.
Министрдің сөзінше, аймаққа сапардан кейін вице-министр Ардақ Амангелдиевтің басшылығымен жұмыс тобы құрылған.
“Ол бір апта бойы Ұлытауда жұмыс істеді. Барлық өзекті мәселелер зерттеліп, жол картасы жасалды. Қазір жоспарлы жұмыс жүріп жатыр”, – деп қосты Әлназарова.
Сіздің реакцияңыз қандай?






