Түркістан облысында инвестициялық жобалар іске қосылып, жаңа жұмыс орындары ашылады

Сәуір 2, 2026 - 12:02
app_badging Тамыз 5, 2026 - 19:02
chat_bubble  0 visibility  2
Түркістан облысында инвестициялық жобалар іске қосылып, жаңа жұмыс орындары ашылады
Фото: Түркістан облыстық әкімдігі

Түркістан облысында инвестициялық жобаларды іске асыру қарқыны күшейеді: инвестициялық штабтың кезекті отырысында жаңа жобалар мен нақты міндеттер талқыланды,  деп хабарлайды Sadaq.kz.

Түркістан облысында инвестициялар тарту, өңірдің инвестициялық ахуалын жақсарту және жаңа өндірістік жобаларды жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы бағыттағы маңызды мәселелерді үйлестіру мақсатында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен инвестициялық штабтың кезекті отырысы өтті.

Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, аудан және қала әкімдері, жауапты мемлекеттік органдардың өкілдері мен инвесторлар қатысты. Штаб отырысын облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек жүргізді.

Күн тәртібінде өңір экономикасының дамуына серпін беретін екі маңызды мәселе қаралды. Атап айтқанда, Түркістан облысында іске асырылуы жоспарланған жаңа инвестициялық жобалар таныстырылып, сондай-ақ биыл жүзеге асырылатын инвестициялық жобалардың орындалу барысы мен 2025 жылы шетелдік инвесторлармен жүргізілген келіссөздердің нәтижелері бойынша Қазығұрт және Түлкібас аудандары әкімдерінің есептері тыңдалды.

Жиын барысында облыс әкімі инвестициялық жобалардың уақытылы әрі сапалы іске асырылуы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін аса маңызды екенін атап өтті. Ол жауапты басқармалар мен аудан әкімдеріне жобаларды жүзеге асыру барысында туындайтын барлық кедергілер мен өзекті мәселелерді алдын ала анықтап, оларды созбалаңға салмай жедел әрі тиімді шешуді тапсырды.

Сонымен қатар әрбір инвестициялық жоба бойынша нақты мерзімдер белгіленген егжей-тегжейлі жол картасын әзірлеу қажеттігін айтты. Құрылыс жұмыстарын негізсіз кешіктіруге жол берілмейтінін қатаң ескертіп, барлық жобаның іске асырылу барысына тұрақты мониторинг жүргізуді міндеттеді. Облыс басшысы жауапты тұлғаларға берілген тапсырмалардың орындалуын жүйелі түрде бақылауда ұстап, инвесторларға қолайлы жағдай жасауды және әлеуеті жоғары жобаларға жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырды.

Инвестициялық штаб отырысында биыл өңірде басталатын бірқатар өндірістік жобалар кеңінен таныстырылды.

Соның ішінде Мақтаарал ауданындағы «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы аумағында «КАЗ ПРО ТЕМІР» ЖШС ірі металл өңдеу зауытын салуды жоспарлап отыр. Зауытта профлист, металл құбырлар, сэндвич-панельдер және жеңіл болат жұқа қабырғалы конструкциялар (ЛСТК) өндірілмек. Жобаның жалпы құны – 23 миллиард теңге. Кәсіпорын толық іске қосылған кезде 200 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Қазіргі таңда компания барлық дайындық жұмыстарын аяқтап, құрылыс жұмыстарын бастауға әзір.

Сондай-ақ осы индустриялық алаңда «Kaz Aqua Jem» ЖШС жәндіктер протеинінен аквамәдениетке арналған жоғары сапалы экструдирленген жем өндіретін зауыттың құрылысын қолға алады. Бұл жоба акваөсіру саласын дамытуға бағытталған заманауи өндірістердің бірі саналады. Компания арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы ретінде тіркеліп, қазіргі уақытта жер телімін рәсімдеу жұмыстарын жүргізуде. Инвестиция көлемі – 2,678 миллиард теңге. Кәсіпорынды келесі жылы іске қосу жоспарланып, нәтижесінде 45 жаңа жұмыс орны құрылады.

Штаб отырысында «Gold Fish Feed» ЖШС компаниялар тобы жүзеге асыратын бірнеше ірі инвестициялық бастама таныстырылды. Оның қатарында балық жемін өндіретін зауыттың құрылысы, балық шаруашылығы фермаларына арналған заманауи жабдықтарды құрастыратын өндіріс орны және «Gold Fish TURKISTAN» балық өсіру мен туризмді қатар дамытуға бағытталған кешен құрылысы бар. Аталған жобалар өңірдегі балық шаруашылығын дамытуға, экспорттық әлеуетті арттыруға және ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Түркістан қаласының өндірістік паркінде тағы бір маңызды инвестициялық жоба жүзеге аспақ. «Sensemi company» ЖШС заманауи газ, су және электр энергиясын есептейтін интеллектуалды құрылғыларды құрастыратын өндіріс орнын биыл іске қосуды жоспарлап отыр. Жоба толық жүзеге асқанда 450 жаңа жұмыс орны ашылады. Инвесторлар бүгінде құрылыс пен өндірісті бастауға толық дайын екендерін жеткізді.

Сонымен бірге Түркістан қаласының индустриялық аймағында «QazBuild Elements» ЖШС құрылыс материалдарын өндіретін жаңа зауыт салуды жоспарлауда. Бұл жоба құрылыс саласын отандық өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, импорт үлесін азайтуға және өңірдің өндірістік әлеуетін күшейтуге ықпал етеді.

Энергетика саласында да ауқымды жобалар қолға алынуда. «KazEnergyResources» ЖШС Мақтаарал және Жетісай аудандарында газ поршенді электр станцияларын салуды жоспарлап отыр. Бұл жобалар өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін арттырып, өндірістік кәсіпорындарды тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Инвестициялық штаб барысында сондай-ақ «Qazaq Engineering Solution» ЖШС жүзеге асыратын ион алмастырғыш шайыр өндіретін зауыттың жобасы қаралды. Қазіргі уақытта кәсіпорын құрылысын жүргізуге арналған жер телімін анықтау жұмыстары жүргізілуде. Жоба іске қосылған жағдайда елімізде сұранысқа ие химия өнеркәсібі өнімдерін өндіру көлемі артып, жаңа өндірістік бағыт қалыптасады.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Түлкібас ауданының әкімі Асқар Естібаев пен Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов баяндама жасап, аудандарда биыл жүзеге асырылатын инвестициялық жобалардың орындалу барысы, сондай-ақ 2025 жылы шетелдік инвесторлармен жүргізілген келіссөздердің нәтижелері туралы есеп берді. Әкімдер инвестициялық жобалардың іске асырылу деңгейі, кездесіп отырған мәселелер және алдағы жоспарлар жөнінде жан-жақты ақпарат ұсынды.

Отырыс барысында инвестициялық жобаларды басқарудың жаңа цифрлық платформасының тұсаукесері өтті. Жаңа жүйеде облыста жүзеге асырылып жатқан барлық инвестициялық жобалар бірыңғай дерекқорға енгізіліп, олардың іске асырылу кезеңдері бойынша кешенді мониторинг жүргізіледі. Сонымен қатар платформа жобалардың орындалу барысын нақты уақыт режимінде бақылауға, талдау жасауға, тәуекелдерді алдын ала анықтауға және басқарушылық шешімдердің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл жүйе мемлекеттік органдардың жұмысындағы ашықтықты күшейтіп, инвесторлармен өзара байланысты жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді.

Жиын қорытындысында инвестициялық штабта көтерілген барлық мәселелер хаттамаға енгізіліп, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктелді. Облыс әкімі барлық инвестициялық жобалардың белгіленген мерзімде әрі сапалы жүзеге асырылуын жеке бақылауында ұстайтынын атап өтті.

Жалпы, Түркістан облысында қолға алынып жатқан жаңа инвестициялық жобалар өңір экономикасын әртараптандыруға, өнеркәсіп өндірісінің көлемін ұлғайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, экспорттық әлеуетті арттыруға және халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Облыс әкімдігі инвесторларға қолайлы жағдай жасап, олардың бастамаларын жан-жақты қолдау арқылы Түркістан өңірін еліміздің инвестиция тартудағы жетекші аймақтарының біріне айналдыру бағытындағы жұмыстарды кезең-кезеңімен жалғастыра береді.

Сіздің реакцияңыз қандай?

Ұнады Ұнады 0
Ұнамады Ұнамады 0
Керемет Керемет 0
Күлкілі Күлкілі 0
Сұмдық Сұмдық 0
Қайғылы Қайғылы 0
Жарайсың Жарайсың 0