Түркістандық азамат әйелін балғамен ұрып өлтіріп, кейін өзіне қол салған: соңында 4 баласы қалды
Ерлі-зайыпты 15 жылға жуық бірге ғұмыр кешіпті. Екеуінің ортақ 4 баласы бар. Олардың кенжесі – ерекше бала.

Түркістан облысындағы ауылдардың бірінде күйеуі әйелін балғамен ұрып өлтіріп, артынан өзі асылып қалған. Бүгінде ерлі-зайыптының артында шиіттей 4 баласы қалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Almaty.tv арнасына сілтеме жасап.
Түн ортасында болған сұмдық жағдайдан кейін бұл шаңырақ қара жамылды. Ең сорақысы, балалар анасының аулада қансырап қайтыс болғанын, әкесінің асылып қалғанын көзімен көрген. Қорыққан балақайлар жүгіріп, көршілерін көмекке шақырған. Оқиға орнына келген ақсақал марқұм келіншектің жартылай жалаңаш жатқанын айтты.
«Мына жердің, келіншектің беті бәрі қан болып жатыр екен. Денесі ашық болған соң, көрші келінді шақырдым. Мен жарты сағаттай өзіме келе алмай қалдым», – деді марқұмдардың көршісі Дәулет Арипов.
Жантүршігерлік қылмыстың ізі ретінде үйден балға табылыпты. Көргендердің сөзіне сенсек, қанға боялған балғада әйелдің шаштары болған. Ол құрал сараптамаға тапсырылды. Ал қайтыс болған әйелдің жақындары «марқұмның сау жері қалмаған» деп отыр.
«Сіңлімнің ұрған кезде еті кіріп кеткен. Көзін тартып, тігіп қойған, жағы жыртылған. Балғамен ұрғаны білініп тұр», – деді марқұм әйелдің әпкесі Мухаббат Мырхадиева.
Ерлі-зайыпты 15 жылға жуық бірге ғұмыр кешіпті. Екеуінің ортақ 4 баласы бар. Олардың кенжесі – ерекше бала. Отбасын жұмыссыздық қысып, амалсыз осы бүлдіршіннің жәрдемақысына күнелтіп келген. Ал қайғылы оқиға екеуара қызғаныштан туғанға ұқсайды.
«Әйеліме қол жұмсадым, зина көбейіп кетті депті. Біреулер көліктен қарындасымды көргенін айтқан», – деді марқұм әйелдің ағасы Мырзарахым Мырхадиев.
Бірақ бұл сөзге марқұм әйелдің туыстары үзілді-кесілді қарсы. «Марқұм қарындасымызға жала жабылып отыр» деп ашынған олар шындықтың ашылуын талап етіп отыр. Ал полиция қылмыстық іс қозғалып, қанды қылмыстың тергеліп жатқанын мәлімдеді.
Сіздің реакцияңыз қандай?






