Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18 пайызға көтерді

Қазан 10, 2025 - 14:48
Қазан 10, 2025 - 15:14
Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18 пайызға көтерді

10 қазанда Ұлттық банк бағаның шектен тыс өсуіне қарсы қатаң қадам жасады – базалық мөлшерлеме бұрынғы 16,5%-дан 18%-ға көтерілді. Мұны реттеуші бағаның шектен тыс өсіп кетуімен түсіндіріп отыр. 

«Инфляцияның күшеюі, сұраныстың ұсыныстан асып түсуі және белсенді фискалдық саясат аясында ақша-кредит шарттарының жұмсаруы бағаның шектен тыс өсуіне қауіп туғызды. Осыған байланысты инфляцияның динамикасын тұрақтандырып, бағаның бақылаудан шығуына жол бермеу үшін шешімді қадам жасауға тура келді», – деп жазылған қаржы ұйымының сайтында.

Реттеушінің түсіндіруінше, барлық негізгі метрика бойынша инфляцияның өскені байқалды. Жылдық инфляция қыркүйекте 12,9%-ға дейін қарқын алып , Ұлттық Банктің болжамынан асып түсті.

Өндіріс шығындары, импорт құнының өсуіне байланысты азық-түлік те қарқынды қымбаттап жатыр. Жанар-жағармай нарығын ырықтандыру шараларын жалғастыру аясында азық-түлікке жатпайтын инфляция қарқын ала бастады (10,8%) – отын бағасы бір жылда 11,9%-ға қымбаттап, қыркүйекте 3,4%-ға өсті.

«Сыртқы инфляциялық әсер әлі сақталып отыр. Сонымен бірге, ең алдымен, әлемдік азық-түлік нарықтары жағынан тәуекел күшейе түсті. Соңғы жылдары ет пен өсімдік майы санаттарында баға жағынан рекордтық өсім байқалды. Олардың динамикасы белсенді ішкі экспорт жағдайында ішкі бағалардың өсуіне әсер етеді» , – деп түсіндіреді Ұлттық банк.

2025 жылғы қаңтар-тамыз айларындағы экономиканың өсуі жылдық мәнде 6,5%-ға дейін жеделдеді. Бірақ бұл өсім бюджеттік экспансияға және ішкі тұтынуға тәуелді секторларда шоғырланып тұр дейді мамандар. Сұраныстың ұсыныс мүмкіндіктерінен асып түсу белгілері күшейіп, импорттың тиісінше өсуіне алып келіп отыр. Қосымша динамиканы белсенді тұтынушылық несиелеу мен жоғары инфляциялық күтулер берді.

«Инфляцияның айтарлықтай жеделдеуі, жоғары инфляциялық күтулер мен нақты тиімді айырбастау бағамының әлсіреуі жиынтық ақша-кредит шарттарының елеулі түрде жеңілдеуіне және болжамды инфляцияның орнықты төмендеу траекториясынан ауытқуына алып келді. Осы жағдайларда, инфляцияның нақты деңгейі болжамнан асып түскеніне байланысты ақша-кредит саясатын қатаңдату мақсатында Комитет базалық мөлшерлемені арттыру туралы шешім қабылдады», – деп жазылған Ұлттық банк хабарламасында.

Егер бұл деңгей жеткіліксіз болса, болашақта одан әрі қатаңдатуы мүмкін екенін де ескертті.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow