Заңсыз таксилерге тосқауыл қою үшін әуежайларда QR-код енгізілді

Онда туристерге қажет ақпарат жазылады.
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов халықаралық әуежайларда QR-код жүйесі енгізілгенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Заңсыз такси қызметтері – кең таралған проблема. Халықаралық әуежайларда QR-код жүйесі енгізілді. Онда сенімді такси, қонақүйлер, электронды сим-карталар мен туристік нысандар туралы ақпарат көрсетіледі.
Әкімдіктер бұл жұмысты тұрақты түрде қадағалап, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отыруы керек. Қажет болса, заң бұзушыларға қатысты жауапкершілікті күшейту мүмкіндігі де қарастырылуы қажет", – деді ведомство басшысы Үкімет отырысында.
Оның сөзінше, ірі халықаралық қалалардағы секілді түнгі уақытта әуежайдан қала орталығына автобус қатынасы жоқ.
"Бұл мәселені шешу үшін түнгі экспресс-маршруттарды іске қосу ұсынылады. Автотуристерге көрсетілетін қызмет мәдениеті де ерекше маңызға ие. Полиция тарапынан көрсетілген көмек ел туралы жағымды пікір қалдыруда. Мысалы, Жамбыл облысында жоғалған құжаттарды тауып берген жағдай бар. Орал мен Ұлытау облыстарында да туристерге көмек көрсетілді. Сонымен қатар, негізсіз тоқтату мен дөрекі қарым-қатынас фактілері де кездеседі. Бұндай жағдайлар елдің беделіне кері әсер етеді", – деді Ербол Мырзабосынов.
Автотуристерге арналған жадынама шет тілдеріне аударылып, өткізу бекеттері мен вокзалдарда таратылады, деді ол.
"Қонақжайлылық мәдениеті де туризмнің бір бөлігі. Халықтың туристермен сыпайы және түсіністікпен қарым-қатынас жасауы маңызды. Түркия үлгісімен қарапайым ережелер жинағын жасап, тұрғындарға тарату ұсынылады. Онда туристерге құрмет көрсету, әділетті баға, қауіпсіздік және сыпайылық мәселелері жазылады", – деді Туризм министрі.
Сіздің реакцияңыз қандай?






