Жамбыл облысында жасөспірімді қорлап, азаптаған өгей әке қамаудан босап шықты

Жамбыл облысында бірнеше жыл бойы өгей ұлын ұрып-соғып, жертөлеге қамап, қорлық көрсеткен ер адам шартты жаза алып, қамаудан босап шықты. Жамбыл облыстық сотының бұл шешімі баланың туған әкесінің ашу-ызасын тудырды, деп жазады Sadaq.kz.
Бұл оқиға туралы қоғам белсендісі Оңғар Қабден өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды.
Тергеу дерегінше, ол өгей баласын жүйелі түрде сабап, аштан қинап, қол-аяғын байлап, сарай мен жертөлеге қамап отырған. Бірде тіпті ерітіндіге батырып, тұншықтырмақ болған. Азаптың бір себебі - баланың кәмпит жеп қойғаны болған.
Тергеушілердің айтуынша, баланың анасы аудандық білім бөлімі қызметкері Гүлмира Маденова, күйеуінің әрекетін біліп қана қоймай, қолдап отырған. Мектеп әкімшілігі де оқушының мектепке бармай жүргенін елемей, тек тәртіптік жаза алған.
Бір жыл бұрын бала үйінен қашып шыққан. Оны ауыл тұрғындары тауып алған кезде, құлағында, мойнында және денесінде көптеген жарақат, қолдарында көгерген іздер болған.
Бұған дейін Жуалы аудандық соты өгей әкені 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кескен еді.
Алайда апелляциялық сотта Жамбыл облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрмұхамат Абидов бапты өзгертіп, жазаны шартты мерзімге ауыстырды.
Сіздің реакцияңыз қандай?






