«Жансыз жанарларына қарау ауыр»: Қар астынан жас жігіттерді қазып алған құтқарушы зарын айтты (ВИДЕО)
24 желтоқсан күні үш жас жігіт Алматы тауларына шығып, із-түссіз жоғалып кеткен еді. Өкінішке қарай, оның үшеуі де «Локомотив» шыңында қар көшкінінің астында қалып, мерт болған еді. Үш жас баланың денесін қардан өз қолымен қазып алған құтқарушы ата-аналар мен жастарға жан айқайын жеткізді, деп жазады sadaq.kz.
Құтқарушы әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасына қызметінің қиын сәттерінен үзінді салып отырады. Оның соңғы видеосі 26 желтоқсан мен 27 желтоқсан күні денесі табылған үш жас жігіттің қазасы туралы болған.
«Өмірден өткен балалардың отбасы мен жақындарына қайғыра көңіл айтамыз! Бұл қайғылы оқиға баршамызға сабақ болуы тиіс. Бозбалалардың қатқан бейнелерін қар астынан қазып, қыршынынан қиылғанын сөнген жанарларына қарап тұру қандай ауыр... Тау қателікті кешірмейтінін неге түсінбейсіздер? «Балам оралады» деп екі көзі төрт болып отырған аналарға қайғылы қазаны естірту қандай ауыр екенін білесіздер ме!?», - дейді құтқарушы.
Оның айтуынша, ескерту мен дабылға қарамай әрі еш дайындықсыз тауға шығатын кісілер тек өзінің емес, құтқарушылардың да өмірін қауіпке тігеді.
«Тауға ескертусіз, еш дайындықсыз шығатын жандар, сіздерге көмекке келетін құтқарушылар бар, бірақ сол құтқарушылар жетеміз дегенше аман қалатыныңызға кім кепіл? Құтқарушылар арнайы дайындықтан өткен білікті маман иелері, бірақ олар да етпен сүйектен жаралған. Сондықтан, қауіпсіздік ережелерін ұмытпаңыздар», - дейді ол.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0