Жасұлан Қыдырбаев: Допинг дауынан соң түрімді өзгертіп, мұрт салып, Латвияның атынан сынға түсуді ойладым

Ауыр атлетикадан қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы Жасұлан Қыдырбаев 2015 жылғы допинг дауына байланысты алғаш рет пікір білдірді, деп жазады Penalty.kz.
Спортшының айтуынша, сол қиын кезеңде көптеген ауыр атлет отбасын сақтай алмаған.
"Ол кезеңдер ешкімге де оңайға соққан жоқ. Жала жабылған кезде, қалай ақталарымызды білмедік. Тап сол кезде көптеген ауыр атлет ажырасып кетті. Отбасын сақтай алмағандар болды",-дейді ол.
Қыдырбаев даудан соң, үйінен кетіп қалған көрінеді.
"Өзіме келер болсам, сол оқиғадан кейін үйден кетіп қалдым. Ата-анамның бетіне қарай алмай қалдым. Шымкенте, Таразға бет алып, достарыммен қыдырып кеттім. Әрі қарай Өзбекстанға өтіп кеттім. Түрімді өзгертіп, бір көзімді жауып, мұрт салып алып, Латвия сияқты басқа елдің атынан сынға түсемін деп ойладым. Қалай да өзімді дәлелдеймін деп ойладым",-дейді спортшы.
Ол сынақ кезінде қолжау көрсеткен жары екенін айтты.
"Осы сынақ кезінде менің әйелім Меруерт мықты болды. Үйде жалғыз ұлмын ғой, ұл орнына — ұл, қыз орнына — қыз болды. Келіндік, аналық міндеттері тағы бар. Сол кезде барлық жақтан баланс ұстап, мені қиын жағдайдан алып шыққан да сол кісі. Сегіз жыл қалай өтеді деп уайымдап едік, көзді ашып-жұмғанша өтті де кетті", — дейді Қыдырбаев.
Айта кетелік, 2015 жылы халықаралық допингке қарсы агенттік Жасұлан Қыдырбаевты 8 жылға спорттан шеттеткен болатын.
Сіздің реакцияңыз қандай?






