Жеті кеншінің өлімі: Тоқаев Үкіметке өнеркәсіптік қауіпсіздік нормаларының сақталуын тексеруді тапсырды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытау облысындағы «Қазақмыс» корпорациясына қарасты кеніште болған қайғылы оқиғаға байланысты мәлімдеме жасады.
Тоқаев өз мәлімдемесінде еңбек қауіпсіздігі саласында қатаң сақталуға тиіс жағдайларға назар аударған. Онда бекітілген талаптардың өрескел бұзылған фактілері бары, нысандардың өнеркәсіптік қауіпсіздік жүйесімен жабдықталу деңгейі өте төмен екені айтылған.
Компаниялар еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жобаларға тиісті мөлшерде инвестиция салмайды. Мұның барлығы техногенді апаттарға, жұмысшылардың қаза табуы мен жарақат алуына әкеп соқтырып отыр.
Президент қатерлі өндіріс орындарында жұмыс істейтін азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша Үкіметке мынадай шаралар қабылдауды тапсырды:
Нысандарда өнеркәсіптік қауіпсіздік нормаларының сақталуына қатысты тексеру жүргізу;
Аталған нысандарға заманауи қауіпсіздік жүйесін, соның ішінде газ белгі беру құрылғыларын, сейсмикалық қондырғыларын, позиционирлеу жүйесін және тағы басқа тиісті әдіс-тәсілдерді әзірлеу мен енгізу;
Болжау мен құлақтандырудың автоматтандырылған жүйесін енгізе отырып, нысандарды цифрландыру;
Тексеру қорытындысы бойынша жер қойнауын пайдаланушылардың жұмыс бағдарламаларына түзетулер енгізіп, заманауи өнеркәсіптік қауіпсіздік жүйесіне салынатын инвестиция көлемін ұлғайту жолын қарастыру;
Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы бақылау мен қадағалау тетіктерін қатаңдату.
Мемлекет басшысының бұл тапсырмаларын Президент Әкімшілігі ерекше бақылауда ұстайды.
Сіздің реакцияңыз қандай?






