«Жүк көлігін аударып тастады»: Ақтөбеде болған екпінді дауыл елдің зәресін алды
21 маусым күні түстен кейін Ақтөбе қаласында соққан қатты дауыл тұрғындарды әбігерге салды, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Күшті желдің салдарынан ағаштар құлап, бірқатар ауданда электр қуаты өшкен. Тұрғындардың айтуынша, алдағы қолайсыз ауа райы туралы ешқандай ескерту болмаған.
Дауыл шамамен сағат 13:30 кезінде басталған. Куәгерлердің сөзінше, аспан бір сәтте қара бұлттанып, жел екпіні күрт күшейген. Соның салдарынан Мира көшесіндегі №5 үйдің ауласында үлкен ағаш тұрғын үйдің маңына құлаған.
Қала тұрғындары басқа аулаларда да ағаштардың құлап, кіреберіс маңында тұрған көліктерге зақым келтіргенін айтуда. Дауылдың салдары түсірілген фото және видеолар әлеуметтік желілерде кеңінен тарады.
«Барлығы өте жылдам болды. Аспан кенеттен түнеріп, қатты жел соқты. Не болып жатқанын түсінбей қалдық. Төтенше жағдай жөнінде ешқандай хабарлама алмадық. Адамдар қауіптеніп, жан-жаққа жүгірді», – дейді Ақтөбе тұрғындарының бірі.
Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбалардан қатты желдің ауыр жүк көлігін аударып тастағанын көруге болады. Сонымен қатар, ағаш бұтақтары сынып, жол қозғалысына кедергі келтірген.
Өз кезегінде Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаменті ауа райының нашарлауы туралы ескерту сол күні таңертең жарияланғанын мәлімдеді.
Ведомство мәліметінше, 21 маусымда өңірдің батысы мен солтүстігінде жаңбыр мен найзағай күтілген. Сондай-ақ кей жерлерде желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетуі мүмкін екені ескертілген.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0