«Жүкті әйелді зорлаған»: Шымкентте полиция басшысы қамауға алынды

Шымкентте Еңбекші аудандық жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары әйел зорлады деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл туралы ақпарат журналист Михаил Козачковтың Telegram каналында жарияланды. Оның айтуынша, полицияға оның әріптесі арызданған.
"Майордың үстінен арызды оның әріптесі – құқық қорғау органдарының қызметкері жазған. Айтпақшы, ол қазір жүкті, сәбиінің дүниеге келуін күтіп жүр", - делінген журналистің жазбасында.
Оқиғаға қатысты Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі түсініктеме берді. Олар әйелдің арызы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады. Тергеуді Түркістан аудандық полиция басқармасы жүргізіп жатыр, қажетті сараптамалар тағайындалды.
"Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша арызданушы мен арызда көрсетілген ер адам бұрын жақын қарым-қатынаста болған", - деп хабарлады ведомство. Сондай-ақ полицейлер ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес іс бойынша басқа мәліметтерді жария етуге болмайтынын еске салды. Сотталушыға қатысты шешім тергеу аяқталғаннан кейін қабылданады.
Сіздің реакцияңыз қандай?






