Жұмыс іздеп, Камбоджа мен Лаосқа кеткен: қазақстандық бойжеткендер құлдықтан құтқарылды

Қазақстандық қыз еңбек құлдығынан құтқарылды

Шілде 4, 2025 - 11:06
Жұмыс іздеп, Камбоджа мен Лаосқа кеткен: қазақстандық бойжеткендер құлдықтан құтқарылды
Фото: Видеодан скрин

Камбоджа мен Ласо елдеріне жұмыс істеуге кеткен Қазақстан азаматтары еңбек құлдығынан құтқарылды. Қазақстан ІІМ Интерпол бөлімінің шұғыл әрекетінің арқасында бойжеткен аман-есен елге оралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жалған жұмыс ұсынысы: қыз еңбек құлдығына тап бола жаздады

Қазақстандық қыз Камбоджа Корольдігіне қонақүй әкімшісі қызметіне орналасу мақсатында барған. Алайда шетелге жеткен соң, ұсыныстың шынайы емес екені белгілі болып, ол еңбек құлдығына тартылу қаупіне душар болды.

Қазақстан Интерполы шұғыл әрекет етті

Қауіпті жағдай туралы мәлімет түскен сәттен бастап Қазақстанның Ішкі істер министрлігінің Интерпол бөлімшесі бірден шара қолданды. Камбоджадағы Интерполдың Ұлттық орталық бюросына және Интерпол бас хатшылығының адам саудасымен күрес тобына ресми сұраныстар жіберілді.

Қыз аман-есен елге қайтарылды

Халықаралық әріптестермен үйлесімді жұмыс пен жедел байланыс нәтижесінде бойжеткен дер кезінде құтқарылып, Қазақстанға аман-есен оралды. Қазіргі уақытта оны шетелде заңсыз жұмысқа тартпақ болған адамдарды анықтау жұмыстары жүріп жатыр. Олар заң шеңберінде жауапқа тартылады.

Тағы бір оқиға – Лаостағы құтқару

Қазақстан Интерполы «Либертерра II» атты халықаралық операцияға да қатысты. Оның аясында Лаос еліне жалған жұмыс ұсынысымен алданған тағы бір қазақстандық қыз құтқарылып, елге қайтарылды.

ІІМ ескертуі: абай болыңыз!

Қазақстан ІІМ шетелде жұмыс істеуге байланысты «тартымды» ұсыныстарға сенбеу керектігін ескертеді. Ешқашан жұмыс беруші туралы деректі тексерусіз шешім қабылдамаңыз. Ресми дереккөздерге жүгініп, барынша сақ болыңыз!

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow