«Жүйкең шыдамаса, кетсеңші»: Қарағандыда логопед баланы ұрған (ВИДЕО)
Әлеуметтік желілерде қарағандылық тұрғын логопедтің оның баласын ұрғанын айтып шағымданған видеосы тарады. Отбасы бір жыл бойы осы педагогқа барып жүрген, әрі орталықтың қабырғаларының арғы жағында не болып жатқанынан ешқандай күдік болмаған, деп хабарлайды sadaq.kz.
Анасының айтуынша, соңғы сабақ кезінде олар педагогтың баласын басынан ұрған сәтін кездейсоқ видеоға түсіріп алған.
«Барлығы кездейсоқ болды. Сабақ аяқталып қалған кез еді, күйеуім баланың немен айналысып жатқанын көргісі келді. Кабинетте үлкен терезе жоқ, төбеге жақын орналасқан кішкентай терезе ғана бар. Сабақ қалай болып жатқанын сыртынан бақылау мақсатында күйеуім телефонды көтеріп, сол терезе арқылы видеоға түсірген еді. Видеоны қарасақ, дәл сол сәтте логопед баламызды басынан нұқып қалғаны түсіп қалыпты. Бұл біз үшін үлкен шок болды. Бір жыл бойы оған барып жүрдік және мұндай әрекетті елестете де алмаған едік… Логопед ештеңе түсіндіре алмады. Кейін ол қоңырау шалды, бірақ мен жауап берген жоқпын. Санам сан-саққа кетті. Ең таңғаларлығы - ол бір қоңыраудан кейін хабарлама да жазбады, кешірім де сұрамады», – деді әйел.
Олар логопед көптеген балалармен жұмыс жасайтынын ескере отырып, жағдайды жария етуді жөн көрген. Олардың айтуынша, әр ата-ана сабақ жалғастыру-жалғастырмау туралы шешімді өзі қабылдайды, алайда қоғамның хабардар болуы маңызды.
Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған фактіге байланысты тексеріс басталғанын, оқиғаға қатысы бар барлық тарап анықталғанын хабарлады. Материал полицияда тіркелген.
«44 жастағы жеке логопед мән-жайды анықтау үшін полиция бөліміне жеткізілді. Тексеру нәтижесі бойынша полиция қызметкерлері оның әрекетіне құқықтық баға береді. Қарағанды облысының Полиция департаменті балалардың құқығы мен қауіпсіздігі мемлекет пен ішкі істер органдарының сөзсіз басымдығы екенін атап өтеді. Кәмелетке толмағандарға қатысты кез келген заңсыз әрекет, физикалық күш көрсету, психологиялық қысым немесе басқа да қорлау түрлері қатаң әрі әділ құқықтық бағаға ие болады», – делінген ведомство хабарламасында.
Сондай-ақ, ведомство бала құқығын бұзу Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес, бұзушының мәртебесіне, кәсібіне немесе жеке жағдайына қарамастан, жауапкершілікке әкелетінін еске салды.
Ал посттың астында осы педагогке балаларын апарып жүрген ата-аналар тоқтаусыз пікір жазып жатыр.
«Қызым осы кісіге барады, саған да осылай істеді ме деп сұрадым, балам «иә» деп отыр», «Жаным балапаным, мынаны көруге жүрегім дауаламады, Алла сақтасын, бұл жағдайлардан балаларымызды», «Біз де осы кісіге барамыз. Ұлым барғысы келмей жыоайтын. Біз оған сенбей жүргенбіз», «Өзі ананың жанды жері, еріккеннен ешкім баласын логопедке апармайды! Өзі уайымдап, жүрегі ауырып жүрген анаға қаншалықты қиянат бұл?! Ең қымбатына осылай қол көтеру! Әй нервың шыдамаса кетсейш айналайын басқа сфераға !! Мынадан кейін ПЕДОГОГ деген атың бес тиын…», деп жазып жатыр олар.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0