Қазақстан Ыстықкөл жағалауындағы қонақ үйлерінен айырылуы мүмкін
Қырғызстан Қазақстан үкіметін Ыстықкөл жағалауындағы демалыс орындарын пайдалану туралы келісімге өзгерістер енгізуге мәжбүрлі түрде қол қойдырды, деп хабарлады sadaq.kz ақпарат порталы.
Курсив басылымының хабарлауынша, аталмыш хаттамада Ыстық көл аумағындағы төрт төрт пансионат туралы мәселе көтерілген. Олар - «Қазақстан» санаторийі, «Университет» спорттық сауықтыру лагері және «Олимп» орталығы, сондай-ақ «Самал» демалыс үйі.
Бішкек 2006 жылы аталмыш демалыс ғимараттарын Қазақстан балансына аударған. Яғни 49 жылға жалға берген. Келісім бойынша Қазақстан тарапы олардың орнына үш және төрт жұлдызды қонақүйлер салуы тиіс болған. Алайда содан бері 20 жылға жуық өтсе де, бірде-бір ғимарат қалпына келтірілмеген. Осыған байланысты Қырғызстан министрлер кабинеті құрылыс уақытына дедлайн қойып отыр. Яғни Қазақстан тарапы 2029 жылдың 31 желтоқсанына дейін өзіне жүктелген міндеттерді орындауы тиіс. Олай болмаған жағдайда Қазақстан бұл пансионаттардан біржолата айырылады.
Мемлекеттік мүлік комитеті Қазақстан тарапының өз міндеттемелерін орындамай отырғанын бюджет қаражатын бөлудің қиындығы мен қонақүйлерді ұстаудың тиімсіздігімен түсіндіріп отыр. Айтуларынша, қонақ үйлерден түсетін түсім аз.
«Ыстықкөлдегі климаттық жағдайларға байланысты қонақүйлер тек жазғы демалыс маусымында 2-3 ай ғана қызмет көрсетеді. Осыған байланысты Мемлекеттік мүлік комитеті Қырғызстанмен жасалған келісімге Қазақстан жалға алған мүліктерге инвесторлар тарту құқығын беру туралы өзгерістер енгізу туралы ұсыныспен шықты», - деп жауап берген Курсив басылымының хатына ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің өкілдері.
2024 жылдың 4 желтоқсанында Бішкекте 12-ші қазақ-қырғыз үкіметаралық кеңесі өтті. Отырысқа ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов пен Қырғызстан Министрлер Кабинетінің Төрағасы Ақылбек Жапаров қатысқан.
Сіздің реакцияңыз қандай?